«Өйткені жақсы көремін» деректі фильмі көрермендер көзайымы жүлдесіне ие болды

«Өйткені жақсы көремін» деректі фильмі көрермендер көзайымы жүлдесіне ие болды
Фото: vk.com

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм АҚ түсірген «Өйткені жақсы көремін» атты деректі фильм шілденің 11-і мен 14-і аралығында Павлодар қаласында өткен І Халықаралық «Ertis cinema» қысқаметражды кино және деректі фильмдер кинофестивалінде көрермендер көзайымы жүлдесімен марапатталды. 

Аталған деректі фильм Қазақстанда ұлтаралық некеде тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқан отбасылар туралы баяндайды. 

- Павлодарлықтарға және қала қонақтарына осы жүлде үшін алғысымызды білдіреміз. Бізге сеніп, осы фильмді түсіруге қолдау білдірген «Қазақфильм» киностудиясының «Деректі кино және киношежірелер» шығармашылық бірлесітігінің жетекшісі Әсет Ерназаровқа, сондай-ақ бізге  бағыт-бағдар берген ұстазымыз Әсия Байғожинаға алғысымыз шексіз,- деді фильмнің сценарий авторы Надира Садуова. 

Жалпы кинофестиваль барысында 20 елден 100-ге жуық фильмдер көрсетілді. 
«Ertis cinema» кинофестивалінің бас жүлдесі (деректі фильмдер арасында) қазақстандық режиссер Евгений Лумповтың «Жол» фильміне бұйырса, қысқаметражды фильмдер арасында ресейлік режиссер Алексей Соколовтың «Жөке шайы» фильмі үздік деп танылды. 

І Халықаралық «Ertis cinema» қысқаметражды кино және деректі фильмдер кинофестивалі «Павлодар облысы мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен өткізілді. Фестивальді режиссер Людмила Лебедева, журналист Салауат Игіліков, павлодарлық журналист және кинотанушы Людмила Баюшева ұйымдастырған.

А. Оралқызы