«Қараман». Металл үшін өзін құрбан еткендер

«Қараман». Металл үшін өзін құрбан еткендер
Фото: YouTube

9 сәуір күні «Sulpak Cinema» кинокомпаниясы мен Cinemax кинотеатрлар желісі ұйымдастыруымен «Қараман» фильмінің жабық көрсетілімі өтті.

Жанры: Мистика, шытырман оқиға, триллер
Режиссері: Дастен Шакиров және Марат Абай-Ділдә
Рөлдерде: Дастен Шакиров, Марат Абдуллаев, Марат Абай-Ділдә, Мұрат Бекмұратов, Ержан Нүсіпақынов, Филипп Волошин, Райхан Айтқожанова, Мақсат Жақып

Фильм желісі шетелдердегі тылсымға құмар жастардың шытырман оқиға іздеп сандалуына құрылған сценарийлерге ұқсайды. Оқиға мақсаттан өзге ортақ мүддесі, достық-туыстығы жоқ бес жігіттің алтын іздеуімен басталады. Ол «Қараман» батыр бейнесінде құйылып, бірнеше ғасыр бұрын елсіз далада із-түзсіз жоғалып кеткен қазына екен.

Бес «батыр» үлкен көлікпен шыққан жолында алдарынан ақсақал шығып, үйіне түнеуді ұсынады. Жігіттер одан жол көрсетуін, алтыншы серік болуын сұрайды. Жарты жолын көлікпен жүріп, қажетті алтынға жету үшін ары қарай жаяу баруға тура келеді. Жолда олар түрлі шытырман  оқиғаға тап болады. Әркімге осал тұсына қарай, кішкене қыз, жас қыз, әйел бейнелерінде жын-пері көрініп, жолынан тайдыруға тырысады.

Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты, бұл бес жігіттің де бес түрлі қыры бар. Елгезегі де, ержүрегі де, естісі де, епсізі де, есерсоғы да осында. Бірі балалар үйінде жыртылған жерін изолентамен ораған ойыншығын ен даладан тауып, есінен тана жаздайды. Оған ақылды ақсақал «қорқынышың мен жаман ойларыңды үнемі өзіңмен алып жүрген соң, олар да сені шырмай береді» деген ақыл айтады. Ал енді біреулері қарақан басының қамын ғана ойлап, өз басындағы жамандықты өзіне өзгелері істемейтініне кім кепіл деп, жолдасын жауға жығып беруге баратындар өздері жарты жолда қалып жатады.

Жолдасын дауға да, жауға да бермей, қандай қиындыққа тап болса да, мойнына салып, арқалап жүретін адал адамдар ғана мәреге жетеді. Олар мақсатына жетем дегенше, «керек тасы да ауырлап», тіпті түкке тұрғысыз боп қалады. Адалдығы мен адамдығын соңына дейін дәлелдегендерге қазына бұйырады. Ол қазынаны олардан бұрын да, кейін де іздеп келушілер толастамайды...

Алматының әсем табиғаты бейнеленген мистикалық фильмді қазақтардың нұсқасында көрем десеңіз, бір көруге тұрады. 12 сәуірден бастап барлық кинотеатрдан таба аласыздар.

@. @assel_assanova