Қазақ жастарының қазіргі болмысын көрсететін “Оазис” фильмі

Қазақ жастарының қазіргі болмысын көрсететін “Оазис” фильмі

Кеше Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында "Өнертану" факультеті мен "Көзімнің қарасы" мәдени-танымдық клубының ұйымдастыруымен режиссер Бегарс Елубайдың "Оазис" атты фильмінің көрсетілімі өтті.

Қазақ ұлттық өнер академиясының кинозалында өткен жиынға орданың ұстаздары мен студенттеріне қоса, Асанәлі Әшімов пен Есмұқан Обаев ағалар да келді. Көрсетілімнен кейін фильмнің түсіру тобының қатысуымен талқы-кездесу болды.

Фильмде өмірге деген көзқарастары бір-біріне ұқсамайтын, мінездері де мүлдем бөлек екі жігіттің тағдыры баяндалады. Ай далада орын алған ақ пен қара арпалысы. Бұл сол фильмдегі қос кейіпкердің киімдерінен де көрінеді.
Қашан да адамзат жауыздық пен тазалықтың ортасында алысумен келеді.

Фильмдегі Руслан есімді жігіт  – ана мейірімін көрмеген тастанды бала. Полиция қызметкерлерінен қашып жүріп, оазиске тап болады. Бұл оқиға оның өмірі мен болмысын өзгертеді. Жүрегінде иманы бар, төңірегіндегілерді махаббат пен мейірімділік нұрына бөлендіріп жүрген жігітті кездестіреді.

Сценарий авторы, белгілі жазушы Смағұл Елубай: «Бүгінгі қазақ қоғамы тілдік, діндік тұрғыдан екіге бөлініп жатыр. Қазақ қазақты түсінбей жатыр, бұл ұлтымыздың трагедиясы. Бұл трагедияны біз «Оазис» фильміндегі кейіпкерлері арқылы  – далада кездескен екі қазақтың қақтығысы арқылы көрсетуге тырыстық.  Бірі – діні де, тілі де, тарихы да бұзылмаған, оралман жігіт болса, екіншісі – Алматыдағы балалар үйінде тәрбиеленген, діні де жоқ, тілі де жоқ, тарихи жады да жоқ Руслан есімді шала қазақ », – деді.

Фильмінің негізгі түсіру жұмыстары Алматы облысы Шоңжы ауылында, сонымен қатар Алматы қаласында жүргізілді. Көркем туындыдағы басты рөлді Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер институтының түлегі Айдар Асарбай сомдады.

Айта кетейік, «Оазис» фильмі режиссер Бегарс Елубайдың алғашқы жеке жұмысы. Ол бұған дейін режиссер Ерлан Нұрмұхамбетовпен бірге балаларға арналған «Аңшы бала» фильмін (2012 жылы жарыққа шыққан) түсірген болатын.

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ, «Asau Art Films» ЖШС қатысуымен
Жанры: психологиялық драма
Ұзақтығы: 88 минут
Қоюшы режиссері: Бегарс Елубаев
Сценарий авторы: Смағұл Елубаев, Бегарс Елубаев
Қоюшы операторы: Александр Рубанов
Қоюшы суретші: Джалалитдин Ибрагимов
Композиторы: Әділхан Байысбаев
Рөлдерде:Айдар Асарбай, Әділет Топаев, Сағат Жылгелдиев және басқалар.

А. Оралқызы