Биыл "Оскарды" кім алады?

Биыл "Оскарды" кім алады?
Фото: vk.com

АҚШ киносыншыларының ұлттық кеңесі үздік фильм мен актер, актрисаларды анықтады. Әдетте, олардың пікірі Америкалық киноакадемия шешімімен сәйкес келіп жатады. Сондықтан, биылғы "Оскар" сыйлығын иеленушілер де киносыншылар таңдауымен бірдей болуы әбден мүмкін.

Олар жүлдені Стивен Спилбергтің "Құпия құжаттама" атты жаңа картинасына беріп отыр. Картина "Пентагон құжаттары" деген атпен танылған тарихи оқиғаға негізделген. Фильмдегі басты рөлдерді аса танымал Мэрил Стрип пен Том Хэнкс сомдайды. Сәйкесінше, сыншылар пікірі бойынша, үздік актер мен актриса атақтары да осыларға беріледі екен.

Картина сюжеті Америка қорғаныс мекемесінің Вьетнам соғысындағы АҚШ рөлін зерттеген бірнеше жылдық  жұмыстарының журналистер қолына түсуін баяндайды. 1971 жылы  The New York Times пен The Washington Post басылымдары құжат үзінділерін барша жұртқа жария еткен еді. Мақала "Америка-Вьетнам қатынастары, 1945-1967: Зерттеу" деген атаумен жарық көрген. Нәтижесінде билік пен журналистер арасында үлкен текетірес басталды.

Аталған картинада Том Хэнкс The Washington Post басылымының редакторы Бен Брэдлиді, ал Мэрил Стрип болса, ірі бұқаралық ақпарат құралын басқарған алғашқы әйел – Кей Грэм есімді шығарушы редактор рөлін сомдайды. Картина түсіріліміне Элисон Бри, Дэвид Кросс, Боб Оденкёрк, Сара Полсон, Джесси Племонс, Майкл Стулбарг және Брэдли Уитфорд сынды актерлер жұмылдырылды. 

А. Оралқызы