«Желмен ғайып болғандар» фильмінің жұлдызы туралы картина түсіріледі

«Желмен ғайып болғандар» фильмінің жұлдызы туралы картина түсіріледі
Фото: vk.com

Киносыншылар Вивьен Лиді кинематография тарихындағы ұлы актриса деп мойындайды. Енді өнер майталманы туралы биографиялық фильм түсіру де жоспарланып отыр.

Картина идеясы осыған дейін "Жаугершілік" сериалы арқылы танымал болған Майкл Зам мен Джаффе Коэнге тиесілі. Фильмнің сюжеттік негізіне жазушы Хьюго Виккерстің "Вивьен Ли: Биография" атты кітабы алынады. Онда, сондай-ақ, актрисаның жеке өмірі, әсіресе, бірнеше жыл отасқан қосағы, актер әрі режиссер Лоуренс Оливьемен ара қатынасы да сөз болады.

Картинаға режиссер әлі бекітіліп үлгермеді. Басты рөлді сомдаушы актриса есімі де белгісіз.

Вивьен Ли — теңдессіз талант иесі. Ол "Желмен ғайып болғандар", "Трамвай", "Ықылас" атты фильмдер арқылы барша әлемнің киносүйер қауымын жаулап алды. Екі мәрте "Үздік әйел рөлі" үшін "Оскар" сыйлығын иеленді.

Жақында ғана біз Вивьен Ли ханымға тиесілі киім-кешек, асылтасты әшекейлер, аксессуарлар, картиналар, мүлік, кітаптар мен басқа да заттардың Sotheby’s бәссаудасына қойылғаны туралы хабарлаған едік. Құнды бұйымдардың жалпы саны 250 дананы құрады.

Естеріңізге сала кетейік, лоттар ішіндегі ең құндысы — аталған фильм желісіне негіз болған "Желмен ғайып болғандар" романының авторы Маргарет Митчеллдің актрисаға өз қолтаңбасымен берген кітабы. Сонымен қатар актриса шимайларымен сақталған сценарий жазылған парақтар, жолдасы Лоуренс Оливье сыйға тартқан гравировкалы (ойып жазылған) сақина, бант түріндегі алқызыл гаухармен безендірілген әшекей және Victor Stiebel сән үйінің көйлегі де сатылымға шығарылған еді.

А. Оралқызы