Дулат Исабеков бүгінгі қазақ киносына өзіндік бағасын берді

Дулат Исабеков бүгінгі қазақ киносына өзіндік бағасын берді
Фото: DalaNews.kz

"Егемен Қазақстан" газетінде белгілі қаламгер Дулат Исабековтің "Белестерге бет түзеген қазақ киносы" атты мақаласы жарияланды. Мақалада автор бүгінгі қазақ киносының қал-жайы жайлы кеңірек тоқталып, терең талдау жасаған. 

Дулат Исабеков: "Ресейдің тарихи фильмдерінің де көрген күндері осыған шамалас. А.Тарковскийдің «Андрей Рублев» атты фильмінен басқа «Александр Невский», «Иван Грозный», тіпті, И.Сталин 34 рет көрген «Чапаев» фильмдерінің де орыс ұлтынан басқа ел үшін ешқандай құны жоқ. Тарихи жағынан да, көркемдік жағынан да Ресей тарихында «Мұз қырғыны» аталып кеткен А.Невскийдің швед әскерлеріне мұз боп қатып жатқан Чуд көлі арқылы тұтқиылдан тиісіп, оларды аяусыз қырғынға ұшыратқаны, өзінің өкіл әкесі Мамайға қарсы қылыш көтерген Д.Донскойдың тарихта белгілі «Күлік шайқасы» («Куликовская битва»), Иоан Төртіншінің (Иван Грозный) Алтын Орданың соңғы тірегі Қазан қаласын басып алып, халықты қанға бөктіргені Ресей үшін қаһармандық пен патриотизмнің символы боп бағаланғанымен басқа жұрт үшін қанқұйлы империялық саясаттың кезекті бір көрінісі боп қабылданады. Александр Невскийдің осы аттас фильмінің финалында жоғарғы пафоспен айтатын әйгілі: «Кім бізге қылышпен келсе – қылыштан ажал құшады!» деген сөзі орыс үшін киелі сөз боп қабылданғанмен, өзгелер үшін әсіре патриоттық ұран ғана" дей келіп кино өнерінде бүкіл адамзаттық туынды түсірудің жайын сөз етеді.

Жазушы антигерой күшті болмаса, басты герой жел диірменмен алысқан Дон Кихот сияқты жалаң патриоттық пафосқа малшынған қауқарсыз образға айналып шыға келетін айта келіп, түрік және қытайдың тарихи сериалдарының шынайылығына тоқталады. Сөйте келіп, қазақ киносының дамуы жайлы өз ойын ортаға салған. Автор "қазақ киноөнеріне мешеу балаға қарағандай көзқарастан арылып, жетілген, уақыт жағынан алғанда тарлан ашатын жасқа жеткен, киноөнеріне қойылатын ең жоғарғы талаптардың қандай түрін артсаң да белі қайыспай көтеретін кезге жеткенін есте ұстауымыз керек" дей келіп тәуелсіздіктен кейінгі кино саласындағы басты олқылығымызды сын тезіне алған.: Абылай бейнесін көрсете алмаған "Көшпенділердің" жайын ашына суреттеп, оған кеткен қаржыға өзге елдер қандай туынды тудырғанын сөз етіпті. Рас. "Көшпенділердің" артынан ерген әңгіме өте көп болды. 36 миллион долларды желге ұшырған "Көшпенділердегі" өкінішті сейілткен "Жаужүрек мың бала" фильмі екені белгілі. Дулат Исабеков бұл мәселеге де тоқталып, қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қазақ хандығы туралы сериал түсіру жұмысы басталғанын, бұл іске мықты мамандар тартылғанын айта келіп:  "Қазақ хандығының 550 жылдығын бүкіл ел болып тойлау қарсаңында Президентіміз дәл осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, бұл тақырыптың кино саласында ерекше ізденіспен көрініс табуы тиіс екеніне тоқталып өтіп еді. Соның нәтижесінде кең тынысты, көп сериялы тарихи тұңғыш телесериал жобасы қолға алына бастады. Жоба авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Алғашқы кезеңдегі жоба бойынша фильм 20 сериялы болып жос­парланған болатын. Сценарий авторлары болып белгілі жазушы Смағұл Елубай мен бұған дейін «Жаужүрек мың бала» фильмі арқылы танылған киносценарист Тимур Жақсылықов бекітілді.  «Театр драматургтің жазу столынан басталады» демекші, фильм де сценаристің жартылай болса да жазу столынан басталады. Жартылай дейтін себебім – жазу столында ақтық нүктесі қойылды деп есептелген әдеби нұсқа режиссердің қолына түсіп, ол түсіру алаңына жеткенше сан түрлі өзгерістерге ұшырайды. Қоюшы режиссер мен сценарий авторларының арасындағы келісу мен кетісу аралығындағы дау-дамай осы кезеңде шарықтау шегіне жетеді. Өйткені, жазушының өз режиссурасы бар да, түсірушінің өз режиссурасы бар. Кейде бұл көзқарастар от пен су сияқты оксюморон деңгейіне дейінгі алшақтыққа апарып, оның зардабы кинотуындының сапасына кері әсерін тигізетінін талай көргенбіз. Бұл жолы жоба авторы ретінде әрі Мәдениет министрі ретінде сериалдың алғашқы кадрынан бастап, «фильмнің соңы» деген титрдағы жазуға дейін жауапты болатынын сезінген Арыстанбек Мұхамедиұлы шығармашылық топпен әлденеше рет кездесіп, оларға ақыл-кеңесін беріп, бұл сериалға өзгерістер енгізіп, 20 серияны 10 серияға дейін қысқартуды ұсынып, басты рөлдегі актерлердің өздеріне сеніп тапсырылған кейіпкерге қаншалықты дайын екеніне дейін көңіл бөліп, қадағалап отырды. Бұған дейін «Елбасы жолы», «Құрақ көрпе», «Сталинге сыйлық» атты фильмдері арқылы көрермендерге кәнігі режиссер ретінде жақсы танылған Рүстем Әбдірашев осы сериалдың алғашқы бөлімі ретінде Ілияс Есенберлин романының желісі бойынша түсірілген «Алмас қылыш» фильмін жұртшылық назарына ұсынып үлгерді. Онда Алтын Орда ыдыраған соң Керей мен Жәнібек Шайбан-шахпен бітіспес тайталасқа түсіп, өз төңірегіндегі ұлыстар мен тайпалардың басын біріктіріп, Моғолстан шекарасына, Шу өлкесіне келіп, біржолата қоныстанады. Фильм қазақ тілінде түсірілгенмен, жоңғарлар мен шағатайлардың өз тілдерінде сөйлейтін сәттері де бар. Қазақ көрермендері үшін бұл оғаш болып көрінбейді, керісінше, сол заманның рухына сай ерекшелік ретінде жатсынбай қабылданады" дейді.

Осылай министр Арыстанбек Мұхамедиұлының жауапкершілігін еске салған жазушы кино саласындағы киім мәселесіне де ерекше тоқталған. Қазақта жаздық киім болмағандай түсірілген фильмдердегі олқылықты жоятын кез жеткенін айтады. "Қазақ киноөндірісінде қанша айтылса да ескерілмей келе жатқан бір әдет бар. Ол – киім үлгісі. Сырттай қарағанда қазақта жаздық киім деген атымен жоқ сияқты. Қара қарғаның миы қайнайтын шілденің шырқырап тұрған кезінің өзінде біздің қазақтардың үстінен түлкі тымақ пен жағалы ішік түспей-ақ келеді. Қазақта жазғы киімдердің алуан түрі бар емес пе еді? Дизайнерлеріміз соны неге ескермейді? Жаугершілік кезінде болса амал жоқ, ондай кезде дулыға мен сауыт-сайман сияқты жорық аксессуарлары сарбаз өмірінің қажетті формасы. Ал бейбіт кезде, аптап ыстықтың кезінде ол байғұстарды тұлыпқа тұмшалай бермей, үстеріне жаздық жейде мен желбегей кигізсек орынды-ақ болмас па еді? Бұл да көрерменнің фильмнен алар эстетикалық катарсисіне әсер етпей қоймайтын элементтердің бірі екенін ұмытпауымыз керек".

Әрине, біздің қаламгердің айтқанына алып қосарымыз жоқ. Дулат Исабеков мұнан басқа толық метражды "Қазақ елі" анимациялық және "Оралман", "Анаға апарар жол", "Құнанбай" секілді фильмдеріге ерекше тоқталып, драматург ретінде бағасын берді.

Рас. Соңғы жылдарда қазақ кино өнерінің іркіліп қалған көші сәл де болса алға жылжыды. Осындай тұста ауызды қу шөппен сүртпей, Дулат Исабеков сынды қаламгердің "барды бар, жоқты жоқ" деп ашық айтуы, пікірін еліміздің бас басылымында жариялауы қуанарлық іс.  Сондықтан да біз драматургтің кең тынысты мақаласының жарияланғанын Abai.kz оқырмандарына сүйіншілеуді жөн санадық.

Abai.kz

@. @assel_assanova