Дисней компаниясына 93 жыл

Дисней компаниясына 93 жыл
Фото: vk.com

Уолт Дисней Компаниясы (The Walt Disney Company) — ойын-сауық өндірісі жөнінен әлемнің ең ауқымды қаржы конгломераттарының бірі. Оны 1923 жылы 16 қазанда Уолтер және Рой Дисней есімді ағайындылар құрған. Алғашында шағын анимациялық студия ретінде бой көтерген орын қазіргі таңда Голливудтағы ең беделді әрі танымал фильм өндіруші фабрикаға айналған. Оның меншігінде 11 ойын-сауық паркі мен 2 аквапарк, Америкалық телерадио компаниясы (Эй Би Си) секілді бірнеше телерадио кешені  бар.

Уолт Дисней компаниясының  штаб- пәтері мен негізгі өндіруші күш АҚШ-тың Калифорния штатындағы Бербанк қаласында орналасқан. Уолт Дисней компаниясы Доу Джонстың өндіріс индексына енеді.

«The Walt Disney Company» мультимедиялық империясының негізін қалаушы Уолтер Элайас Дисней — атақты америкалық суретші-мультипликатор, кинорежиссер, актер, продюсер, анимациялық фильмдер жасауда алғаш жол салған новатор тұлға.

Ол алғашқы дыбыстық және музыкалық мультфильм жасаушы болып табылады. Өзінің аса белсенді өмірінде Уолт режиссер ретінде 111 фильм, ал продюсер ретінде 576 кинофильм жасаған. Киноөндірісдегі ерен еңбегі үшін 26 рет Оскар сыйлығымен марапатталған бірегей жан. 

Уолт Дисней 1901 жылы 5 желтоқсанда Чикаго қаласында тұратын көпбалалаы отбасында дүниеге келген. Оның жанұясы 1906 жылы Миссури штатындағы фермаға, ал 1910 жылы Канзас қаласына көшіп барады. Уолт 14 жасар кезінен бастап еңбекке араласып, кейін Бірінші Дүниежүзілік соғыс басталғанда бір жыл көлемінде санитарлық көлік шопыры болып қызмет атқарады.

Дисней 1920 жылы киножарнама студиясына суретші ретінде жұмысқа орналасып, сонда өзінің алғашқы фильмдерін жасай бастайды. Уақыт өте келе ол Ай Айверкспен бірлесе отырып Канзас қаласында «Laugh-O-Gram» студиясын ашады. Кейін фирма банкротқа ұшырайды.

Уолт 1920-1937 жылдары шығармашылыққа ден қоя, тынымсыз еңбек етеді де, соғыстан кейін кино өндіріске бел шешіп кіріседі. Дисней 1923 жылы Америкалық арман мекені Голливудқа келіп, бауыры Роймен бірге The Walt Disney Company студиясын ашады.

Олар 1924 жылы 1-ші наурызда жазушы Льюис Кэрролдың «Алиса ғажайыптар әлемінде» деген кітабының желісі бойынша жасалған «Алисаның теңіз жағасындағы бір күні» аталатын алғашқы туындыларын жарыққа шығарды.

Сондай-ақ, 1926-1927 жылдары салынған суреттер бойынша жасалған сериялар тізбегі де Алисаның құрметіне «Алиса мультипликация әлемінде» деп аталды. Жалпы, Дисней бұл тақырыпта 56 фильм жасады. Осы жылдар аралығында Дисней фильмдерінің өзіндік стилі қалыптаса бастады.

Компания жасаған «Кролик Освальд» атты мультфильм 1927 жылы танымал болып, оның негізгі кейіпкерін қызықтайтындар саны артты. Ал, Дисней десе көз алдымызға келетін Микки Маус бейнесін Уолттың серіктесі Аб Айверкс сызған және оның алғашқы атауы Мортимер болыпты.

Микки Маус алғаш рет 1928 жылы «Ессіз аэроплан» фильмінде бой көрсетті. Сол жылы «Вилли атты кішкене кеме» атты фильмнің кейіпкері ретінде танылды. Бұл кино өндірі тарихында алғашқы синхронды дыбысталған суретті фильм болатын. Микки Маусты алғашында Дисней өзі дыбыстаған. Кейін бұл тышқан бейнесі Уолт Диснейге жетістіктер жолын бастап берді.

Осылайша Уолт өзінің бала кезден армандаған ертегі әлемінің кірпішін қалай бастады. 1953 жылы ол Лос Анжелесте тұратын 17 отбасының жерін сатып алады да, қаладан 50 шақырым жерде бұрын соңды болмаған, теңдесіз парк құрылысын бастап кетеді.

Ал, 1955 жылы  шілде айының 17-ші жұлдызында Диснейлендтің салтанатты ашылуы өтті.

Бұдан кейінгі көлемді жобалардың бірі Калифорния Өнер институты болатын. 1961 жылы негізі қаланған оқу орнында музыка, сурет өнері, театр, мүсін, кинематография  және сән салаларына баулитын сабақтар жүргізіледі.

Ал, 1963 жылы Уолт Дисней амбицияға толы Х жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Ол арнайы адамдар арқылы Флорида штатында өзіне қолайлы аймақтан жерлер сатып ала бастады. Соңында олардың жалпы көлемі екі Манхэттондай болды. Сол аймақта The Walt Disney World аталатын парк бой көтеріп, 1971 жылы қазан айында іске қосылды.

Шексіз қиялдың қайнар көзіндей болған нағыз новатор Уолт Дисней 1966 жылы 15 желтоқсанда көптеген жоспарларын жүзеге асыра алмай өмірден өтті. Атақты аниматор арманда кетпесе де, артында талай жоба қалды. Компания билігін 1971 жылға дейін бауыры Рой жалғастырды, кейін ағайындылар арнайы дайындаған Кард Уокер, Донн Тэйтум және Рон Миллер есімді азаматтар тізгінді өз қолдарына алды.

Талайдың тәтті шағы балалығын әрлеген әдемі мультфильмдер жасаушы Дисней Империясы бүгін өзінің 93 жасын тойлап жатыр. 

А. Оралқызы