Ата-анамыз сүйіп тамашалайтын махаббат туралы фильмдер

Ата-анамыз сүйіп тамашалайтын махаббат туралы фильмдер

Ұлы сезім махаббат туралы түсірілген фильмдер кім-кімнің болмасын жүрегін тербететіні хақ. Көрермен кино кейіпкерлерімен бірге ұлы сезімді бастан кешіп, романтикалық іс-әрекеттердің куәсі болады. Махаббат жанрында түсірілген фильмдерді қарт-жастың барлығы сүйіп тамашалайды. Кинематограф саласындағы үздік деп танылған романтикалық фильмдердің тізімі ешуақытта толастаған жоқ. Ендеше, ата-аналарымыз сүйіп тамашалайтын махаббат жанрында түсірілген фильмдерге зер салайық.

«Заречная көшесіндегі көктем» («Весная на Заречной улице»)

1956 жылы түсірілген фильм ұстаз бен шәкірт арасындағы махаббатты баяндайды. Педагогика институтын бітірген Татьяна Сергейқызы Левченко жұмысшылар ауылына келіп, кешкі мектепке ұстаз болып қызметке орналасады. Оның сыныбында Саша Савченко деген әкеден ерте қалған, қарапайым жұмысшы оқиды. Ауылдастары мен достары Сашаны адал, еңбекқор, ақпейіл жан деп біледі. Саша ұстаз Таняны алғаш көрген сәттен-ақ ғашық болып қалады. Ал ұстаз болса, шәкірт сезімін сезгенмен, сыр білдірмейді. Фильм соңы қос ғашықтың бір-біріне сүйіспеншілік танытуымен аяқталады.

«Қыздар» («Девчата»)

Фильм Борис Бедный повесінің желісімен 1961 жылы түсірілген. Урал өлкесіндегі ағаш өнеркәсібі шаруашылығына Тося Кислицына есімді ару аспазшы болып жұмыс істеу үшін келеді. Бұл өлкеде Илья Ковригин деген белді жұмысшы достарымен «Тосяны өзіме қарататын боламын» деп бәстеседі. Тося екеуі қыз-жігіт болып араласа бастайды. Көп ұзамай Тося Ильяның айтқан сөзі туралы естіп, онымен байланысын үзеді. Ал Илья болса, өзінің Тосяға қалай ғашық болып қалғанын аңғармай қалады.

«Махаббат пен көгершіндер» («Любовь и голуби»)


Қарапайым ауыл тұрғындары Василий мен Надежда Кузякиндер бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған жандар. Василий көгершіндерді баптаумен айналысады. Надежда болса, ол ісін аса жақтыра бермейді. Күндердің күнінде Василий жұмысынан жағалауында орналасқан санаторийге жолдама алады. Демалыс кезінде Раиса Захарқызы есімді жалғыз басты әйелмен танысып, сөз жарастырады. Ал Надежда жолдасының өзгемен қол ұстасып жүргенін біліп, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден арылады. Василий Раиса Захарқызымен бірге біраз уақыт оның пәтерінде тұрған соң, үйін сағынып, ауылына қайтқысы келеді. Өмірдің бар мәні отбасы екенін түсініп, ауылына келеді. Жары да өз қателігін түсініп, жолдасының қызығушылықтарына түсіністікпен қарай бастайды.

«Шабандоз қыз» («Девушка-Джигит»)


Колхоздың жас қызметкерлері Айдар мен Ғалия бір-біріне ғашық жандар. Күндердің күнінде екеуі араздасып қалады. Бұл сәтті дүкен меңгерушісі Оңғарбай пайдаланып, Ғалияға сөз сала бастайды. Айдар колхозда асыл тұқымды арғымақтарды баптауды армандайды. Алайда, оның әкесі, колхоз төрайымы ақша-қаражаттарының аз екенін айтып, ұлына рұқсат бермейді. Айдар колхоз аттарының әлсіз екенін көрсетемін деген оймен кезекті қыз қууда сүйіктісі Ғалияға жол береді. Ғалия болса, сүйіктісінің бұл қылығын түсінбей, оған өкпе артады. Біраз уақыт қос ғашық сөзге келмей жүреді. Фильм Ғалия мен Айдардың ұлан-асыр тойымен жасалады.

Біз ата-аналарымыздың ерекше назар салып тамашалайтын фильмдердің біразы туралы ғана сөз қозғадық. Әрине, бұл махаббат тақырыбында түсірілген фильмдерінің барлық тізімі емес. Бұл тізімді форумда ашылған арнайы тақырыпта бірге құрайық, достар!

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: 1tv.ru, kino-teatr.com, kinokartoshka.net 

Ғ. Ұзақ