Шварценеггер Австрияда өз өмірі туралы деректі фильм түсірмек

Шварценеггер Австрияда өз өмірі туралы деректі фильм түсірмек

Атақты киноактер, АҚШ, Калифорния штатының бұрынғы губернаторы Арнольд Шварценеггер отаны Австрияда өз өмірі жайлы деректі фильм түсірмек, деп хабарлайды «Интерфакс» агенттігі.

«Арнольдтың ізімен» деп аталатын деректі фильмнің түсірілімін америкалық CBS телеканалы арнайы «60 минут» бағдарламасы үшін ұйымдастырып отыр. Сценарий бойынша түсірілім тобы Австрияның оңтүстігінде орналасқан актердің туған үйіне келмек. Содан соң Грацтегі Арнольд өзі алғаш түскен голливудтық киносын тамашалаған кинотеатрға да бас сұқпақ. 1965 жылы әскери борышын өтеген Грацтегі казарманы да ұмыт қалдырмай, ол жақты да деректі фильмге қоспақ. Атақты актер ол жерде 1965 жылдың қазан айынан 1966 жылдың маусымына дейін танк жүргізушісі болып әскери борышын өтеген көрінеді. Бөлім командирі репортерлерге Шварценеггерге жаңа техникаларды да пайдаланып көруге рұқсат беретінін айтыпты. Содан соң Арнольд түсірілім тобын өзінің сүйікті музейіне және «губернатор бөлмесіне» кофе ішуге алып келеді.

Бір ай бұрын ғана актер өзінің туған жерінде 18 жастағы ұлы Патрикпен болып кеткен екен. Ал бұл жолы ол тек киногерлерді таныстыру мақсатында келген. 

Кино осы жылдың қыркүйек айының соңында дайын болады деп күтіліп отыр.

Жақында ғана өзінің 65 жылдық мерейтойын жасаған оның Оңтүстік Калифорния университетіне профессор қызметіне орналасқанына көп уақыт бола қоймады. Атақты актер жомарттық танытып, осы университетке өз қалтасынан 20 миллион доллар сыйлаған. Жақында оқу орны ішінен Арнольдтің институты ашылмақ.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: dfm.ru