«Ымырт» фильмі туралы қызықты деректер #2

«Ымырт» фильмі туралы қызықты деректер #2
Фото: www.boomsbeat.com

«Ымырт» - америкалық жазушы Стефани Майердің бірнеше бөлімнен тұратын романы. Әрбір роман бөлімі вампирге ғашық болып қалған Белла Свон есімді қыздың айналасындағы оқиғаларды суреттейді. Кітап басылып шыққаннан кейін бестселлерге айналып, әлемнің 37 тіліне аударылады. 2010 жылдың есебіне орай, барлығы 116 миллион дана кітап сатылған.

Көп өтпей кітап желісі бойынша фильм түсіру идеясы туындайды. Стефани Майер өзі продюсер болып, картиналардың роман желісінен ауып кетпеуін қадағалайды. Нәтижесінде Белла мен Эдвардтың әлемде миллиондаған фанаттары пайда болды. Ендеше назарларыңызға аталған фильмге қатысты қызықты деректерді ұсынамыз.

Басы

Жауапсыз хаттар

Қыздардың жүрегін жаулаған Роберт Паттинсон өзінің фанаттарымен әлеуметтік желілер арқылы сөйлескісі келмейді. Мұның себебі белгісіз. Үшінші фильмнің түсірілімі кезінде Эдвардтың әкесі рөлін сомдайтын Питер Фачинелли есімді актер Робертті хаттарға жауап беруге көндіреді. Паттинсон: «Сәлем, бұл Роб. Бұл менің бірінші және соңғы туитім. Менің әкем осылай жасауға үгіттеді», - деп жазады. Жанкүйерлері расында вампирлердің суық мінезді екенін түсінген сияқты, қайтып жазуды қояды.

Сұлулық құрбандықты талап етеді

Актерлер фильм түсіріліміне қатысу үшін әр күні гримшінің алдында 4 сағат отыратын болған. Мұның бәрі денеге сұр түсті образды беру үшін жасалатын. Одан бөлек, басты кейіпкерлердің шаш стильдерін өзгертулеріне тура келген. Ал Роберт тісін тік етіп жөндеу үшін стоматолог қарауында бірнеше рет болған.

Жылдам түсірілген фильмдер

«Ымырттың» әрбір нұсқасы жыл сайын көрермендерге жол тауып отырды. Айта кетсек, 2008-2012 жылдар аралығында «Ымырттың» бес фильмі түсірілді. Режиссер мұны тез байып кету үшін жасамаған. Себебі вампирлер мәңгі өмір сүреді. Сәйкесінше олардың рөлін сомдайтын адамдар да қартаймауы тиіс. Сол үшін де фильмнің кезекті бөлімдерін қысқа уақытта экрандау керек болған. Есесіне фильмнің фанаттары әр бөлімді бірнеше жыл бойы күтуге мәжбүр болмады.

Басты рөл

Роберт Паттинсон Эдварт Калленнің рөлін ойнамауы да мүмкін еді. Шынайы махаббатты бағалайтын вампир рөлі үшін ұйымдастырылған кастингке 5 мыңнан астам үміткер қатысқан. Олардың арасында Том Старридж (Роберт Паттинсонмен бір сыныпта оқыған) және Джексон Ретбоун сынды белгілі актерлар болған. Сосын Джексон Эдвардтың інісі Джаспер Хейлдің рөліне таңдап алынады. Бастапқыда негізгі үміткер Роберт Паттинсонды басты рөлге алу туралы түсініспеушілік туындағанымен, кейін кастинг менеджерлері актерді таңдаудан адаспағанын мәлімдейді. 

Ж. Өрісбай