Ананди қазақ арнасына қайтып келеді

Ананди қазақ арнасына қайтып келеді
Фото: «Қазақстан» РТРК АҚ

Қазақстан телеарнасында «Келін» телехикаясының жаңа маусымы басталады, - деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК АҚ баспасөз-қызметі.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы көрермендердің жүрегін жаулап алған басты кейіпкердің шытырман оқиғаларға толы тағдыры жайлы шынайы түсірілген «Келін» сериалының жаңа маусымы ашылуымен қуантпақ.

Еліміздің түкпір-түкпірінде, алыс ауылдардан бастап, үлкен қалаларда тұратын көптеген жанкүйерлер «Қазақстан» телеарнасының редакциясына және әлеуметтік желілерде (ВКонтакте, Facebook, Twitter, Instagram) хаттар жолдап, эфирде «Келін» сериалының жалғасын қоюды өтіне сұрады. Бұл хаттардан халықтың ыстық ықыласын байқауға болады.

Мысалы, үзінділер келтіре кетсек, Астана қаласының тұрғындары Жүсіповтер, Амангелдиевтер және Бейсембектердің отбасы былай деп жазады, «...Бұл сериал бізді жарқын бояуларымен, әдемі бет-бейнелерімен баурап қана қоймай, кейіпкерлердің бір-біріне деген қарым-қатынасы, үлкендерге деген құрметі қазақ дәстүріне ұқсас болғандықтан тәнті етті. Мұнда барлығы дерлік дұрыс: ене мен келін, шеше мен қыз, әже мен немере, ағайындар арасындағы қарым-қатынастар өте орынды!.. Біз сериалдың кейіпкерлерін жақсы көріп қалдық. «Қазақстан» арнасы «Келін» сериалының көрсетілімін тоқтатқанда көңіліміз түсті».

«Қазақстан» телеарнасы өз көрермендерінің осы сынды сұрауларын ескере отырып, жаңа маусымда сериалдың көрсетілімін жалғастырмақ. Бұл актерлік құрамы керемет, киім үлгілері әдемі, қайталанбас шығыс колориті бар Үнді кинематографиясындағы режиссерлердің ең үздік туындыларының бірі. Жаңа маусымда көрермендерді сетер сезімге толы ғажап сәттер, құштарлық пен толқу, шытырман оқиғалар күтіп тұр.

Еліміздегі ең сұранысқа ие «Келін» телеоқиғасы көрермендеріне көптеген тосын сый тартуға уәде береді.

«Келін» телесериалын «Қазақстан» телеарнасының эфирінде 21-ші қыркүйектен бастап дүйсенбі-жұма аралығында 22:00-де тамашалаңыздар. 

Ф. Абилова