Ойыннан от шықты

Ойыннан от шықты

Түсірілім алаңында өрт болған. Тілсіз жау Будапеште 5 шілде күні «Қатты жаңғақ 5» фильмінің түсірілім алаңында пайда болған. Өрт салдарынан бес қабатты үй отқа оранған.

Қақтығыс дәл түсірілім кезінде Брюс Уиллистің дублерінің қатысуымен орнаған. Үй арнайы сценарий желісі бойынша ағаштан соғылған көрінеді. Ал от тікұшақ жерге қонатын кезде лап етіп жана бастауы керек екен. Тікұшақ жерге қона бастағанда каскадер кадрда жұмыс жасап жатқан. Тікұшақтың роторы абайсызда отты үрлеп жіберіп, өрт бақылаудан шығып қалған. Лапылдаған жалын бір сәтте бүкіл ғимаратты шарпып шыққан. Бақытына орай, апат орнында Уиллистің дублерын аздап күйік шалғаны болмаса, ауыз толтырып айтарлықтай қатерлі жарақат алмапты. Оның орнында Брюс Уиллистің өзі болуы да әбден мүмкін еді.

Ол дәл сол күні демалыста болып, оның орнына көмекшісі кадрға түспек болған. Өрт болып жатқанда Брюс алып-ұшып келіп, қатер алдында тұрған түсірілім заттарын алып шығуға көмектескен. Оқиға болған жерге тез арада жедел жәрдем қызметі мен өрт сөндірушілер келіп, ғимараттың қалған бөліктерін оттан арашалап алған. Өрттің салдарынан түсірілім тоқтап қалмайды. Тек декорацияларды қайта орнына келтіру үшін екі ай көлемінде уақыт кетпек.

Алаумен алысып жүріп түсірілген бұл дүние көрермен назарына АҚШ-та 2013 жылы 14 ақпан күні жол тартады деп жоспарланып отыр.


Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: aideon.deviantart.com, kino-teatr.ru, 1tvnet.ru, kinoportala.net

А. Әбілхан