«Кек алушылар-2» фильмінің алғашқы көрсетілімі қалай өтті?

«Кек алушылар-2» фильмінің алғашқы көрсетілімі қалай өтті?

Араға біраз уақыт салып, Астана мен Алматы қалаларында «Болашақ» қауымдастығы мен өзге бірнеше компания біріккен Marvel студиясының «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» эпикалық блокбастерінің тұсаукесері алдындағы қазақ тіліндегі көрсетілімін ұйымдастырып жатқанын естіп елең еткеніміз бар-ды. Әдетте экшн жанрындағы фильмдермен түрілетін шымылдықтың кезекті көрсетілімінен әзіл-қалжың аралас блокбастер көрсетілетін болар деген үмітпен бардық. Күмәнді үмітімізді ақтап та қайттық.

Кинотеатр көрерменнің сағынышын басып қана қоймай, терең ой салып, рухани азық сыйлады. Дамылсыз тіршілік, жүректі жалмаған ыза-кек, адалдық, атыс пен шабыс, арасында қылаң еткен махаббат сезімі...

Бүгінгі жастардың қара шаңырағына айналған театрға лайықты фильм. «Сапасыз аударма, деңгейі төмен, біздің менталитетке сай келмейтін сөздер қолданылған» сынды алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойылды деген ойдамыз.

Барша адамзатты сүю, елге деген адалдық, достық, пәк сезім, жауыздық, сытқындық, кек сынды ықылым заманнан бері өзектілігін жоғалтпай келген сезімдер аталған фильмге арқау болды. Оқиғаның қалай өрбитіні әзірге құпия бола тұрсын.

Фильмге Азия тобының әншісі Ербол Шәріпов баласын өзімен бірге ерте келген екен: «Мен Marvel өнімдерінің жанкүйерімін. Әрбір фильмінің балаларымыз үшін тәрбиелік мәні зор. Ең бастысы, осындай сапалы фильмдер кинотеатрларда дұрыс уақытта берілсе екен дейміз. Мысалы, кешкі сағат 7-10 шамасында. Түнгі бірге немесе таңғы сағат онға қойып қоятын әдеттері бар. Бұл мен үшін де, қазақ тілді азаматтар үшін де үлкен қуаныш. Осындай аудармалар көп болса, нұр үстіне нұр болар еді. Осыған үлкен үлесін қосып отырған Тимур Балымбетов бауырымыздың атқарып отырған еңбегі зор. Оған сол үшін де алғыс білдіремін. Дубляждың сапасы 200‰ күшті болмаса да, күлкілі сәттерде біздің менталитетке жақын сөздерді өте ұтымды қолданған десек те болады. Кино көріп отырып әбден күліп алдық. «Әкең...» деп кішігірім балағаттағаны да бізге жақын. Ішінде ерекше есімде қалғаны - Қара жесірдің «Айналып кетейін» деп Халкты итеріп жіберген сәті», - деп фильмнен алған әсерін бөлісті.

Есболат Беделхан: «Өзім жақсы көретін фильмді қазақ тілінде тамашалап отырғаным үшін өте қуаныштымын. Осылайша қазақ тіліне деген қызығушылық та артады деген ойдамын. Өйткені әдемі тілде әдемі сөйлеп тұрған жандарды тыңдау ерекше сезімге бөлейді. Аударма өте сапалы шыққан. Артқы дыбыстар таза болмаса да, дубляждаған дауыстар өте сәтті таңдалған. Әсіресе Қара жесірдің дауысы. Естуімше, оны әріптесім Мақпал Исабекова дыбыстаған екен», - деп ОРДА тобының әншісі аударманың өте сапалы екенін жасырмады.

Бес жыл ішінде отбасымен бірге көруге ұсынылған 11 голливудтық блокбастер қазақ тілініе дубляждалды. «Болашақ» қауымдастығы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жастар-Отанға!» жобасының шеңберінде голливудтық фильмдерді дубляждау бойынша жобаны іске асырады. Жобаның идеялық авторы мен бастамашысы – Бауыржан Байбек. Аталған жобаның арқасында әлемдік киноөндірісінің лидерлері Marvel, Walt Disney, Sony Pictures фильмдері нағыз ұлттық өнімге айналуда. Қазақшасы барлық әлемде DVD, Blu-Ray-дан көруге болатын голливудтық фильмдердің негізгі тілдерінің біріне айналды.

Ана тіліміздегі блокбастерлердің бірі - «Көліктер-2» мультфиліміне Елбасы жоғары баға беріп, жобаның қазақ тілінің аясын кеңейтудің тамаша құралы болатынына, әсіресе еліміздегі жас буынға тіл үйретуге себебін тигізетініне сенім білдірген еді. Бүгінгі таңда жоба біздің еліміздің халықаралық ілгерілеуіне жағдай жасап, тілдерді дамыту бағдарламасы мен «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын іске асыруға тәжірибелік үлесін қосуда.

«Сатурн» америкалық сыйлығының иегері және «Оскар» сыйлығына номинант Джосс Уидон - «Кек алушылардың» екінші бөлімінің режиссері. Блокбастердегі басты рөлдерді жаһандық Marvel жұлдыздары ойнайды - «Алтын Глобус» және «Сатурн» сыйлығының иегері Роберт Дауни кішісі, Скарлетт Йохансон, Крис Хемсворт, Крис Эванс, Оскар сыйлығының номинанттары: Марк Руффало, Джереми Реннер және Сэмюэль Л. Джексон.

Қазақша дубляждың режиссері Тимур Балымбетов, бұл оның өткен жылдың жазында Қазақстан киноэкрандарында көрсетілген «Галактика сақшыларынан» кейінгі екінші режиссерлік тәжірибесі. Тимур Балымбетов америкалық комикстердің кейіпкерлеріне ерекше ықыласпен қарайтын және Marvel кейіпкерлерінің қазақ тілінде сөйлеп, қазақстандық көрермендерге жақын және түсінікті ете түскісі келген арманын зор қуанышпен өмірде іске асырып жатқанын айтады.

Тұңғыш рет дубляждың актрисасы белгілі әнші Мақпал Исабекова болды. Ол бұл фильмде кейіпкер Скарлет Йохансонның дауысын дыбыстады. Бұрын ол «Батыл жүрек» мультфиліміндегі басты кейіпкердің әнін салған болатын.

- Мен дубляж бойынша жобаға тұңғыш рет 2012 жылы қатыстым. «Батыл жүрек» мультфилімінде басты кейіпкер менің даусыммен ән салды. Осыдан кейін сүйікті кейіпкерлерімді дыбыстау туралы ой мені жиі мазалады. Енді міне-арманым орындалды. Жаңа, ең атақты және жұрт күткен Marvel блокбастерінде менің сүйікті актрисам Скарлет Йохансонның кейіпкері менің даусыммен сөйлейтін болады. Мен барлық қазақстандықтарды 23 сәуірден бастап барлық кинотеатрлардан Кек алушылар: Альтрон дәуірі» фильмін көруге шақырамын, - деді Мақпал Исабекова.

Фильмнің басты кейіпкерлерінің дауысын дыбыстаған қазақстандық актерлер: Жасұлан Байсалбеков (Альтрон), Бейбіт Қамаранов (Тор), Ерлан Жарылқасынов (Темір адам), Ерғали Төлебаев (Капитан Америка), Бақытжан Жармұхамбетов (Қыран көз), Самат Қордабаев (Халк).

Фильмнің дубляжына жобаның тұрақты қатысушыларына айналған, Бағанашылдағы №1 Балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.

Фильмді жасау идеясы Стэну Ли мен Джеку Кирбидікі болып табылатын, Кек алушылар кейіпкерлері туралы комикс тұңғыш рет 1963 жылы өмірге келді. Фильм Marvel Comics баспасы комистерінің негізінде жасалған және жаһандық Marvel киномотографиясының он бірінші фильмі болып табылады.

Қоюшы суретші Чарльз Вудтың арқасында, Marvel студиясының ең үлкен декорациясына айналған Кек алушылардың мұнарасы қалпына келтірілді. Негізгі оқиғалар мен фильм эпизодтарының бәрі осы мұнарада өтеді. Сондай-ақ "Кек алушылар-2" фильмінде экранда жаңа кейіпкерлер пайда болады – Алая Ванда (Алая Мыстан), Пьеро Максимофф (Сынап) және өзі арқылы өнердегі формасын өмірде көрсеткен, Кек алушылар тобының жаңа кейіпкері Кек алушы – Вижен.

Сурет: Massaget.kz

Ұқсас жазба:

Мақпал Исабекова Скарлет Йохансонды қазақша дыбыстады

Қ. Бүйенбай