Мақпал Исабекова Скарлет Йоханссонды қазақша дыбыстады

Мақпал Исабекова Скарлет Йоханссонды қазақша дыбыстады

Голливуд жұлдызы Скарлет Йоханссон Мақпал Исабекованың даусымен қазақша сөйледі деп хабарлайды, - Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz ақпараттық парталына сілтеме жасай отырып. «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» кезекті блокбастері қазақ тілінде дыбысталды.

Аталған туынды - режиссер Тимур Балымбетовтың «Галактика сақшылары» фильмінен кейінгі екінші жобасы. «Мақпал Исабекова бұған дейін де «Батыл жүрек» мультфильміндегі әндерді қазақ тілінде дыбыстаған болатын. Ал қазір Скарлет Йоханссон секілді әйгілі актрисаны дыбыстады. Мақпал өз ісінің шебері болғандықтан, онымен қуана отырып жұмыс істеймін. Ол барлығын бірден меңгеріп, студияда бірнеше сағат қатарынан жұмыс істей білді» - деп өз ойын бөлісті Балымбетов.

Дыбыстауға Жасұлан Байсалбеков (Альтрон), Бейбіт Қамаранов (Тор), Ержан Жарылқасынов (Тони Старк - Темір адам), Ерғали Төлебаев (Америка капитаны), Бахытжан Жармұхамбетов (Қыран көз) және Самат Қордабаев (Халк) ат салысты. Мұнымен қатар, дубляждауға Бағанашылдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері де қатысты.

Балымбетов жобаға қатысты: «Қазақ тіліне аударылған сленгтер ағылшын тіліндегідей жинақы естілмейді. Мысалы, Тони Старктың ағылшын тілінде айтылған бір ауыз сөзінен көрермендер оның ирония немесе сарказммен сөйлеп тұрғанын бірден түсінетін еді. Ал аудармасын жасай бастағанымызда бір ауыз сөзі 12 сөзбен алмастырылды. Яғни қазақ тілінде оны 12 сөзбен жеткізуімізге тура келетін. Артынша сөзбе-сөз аудармадан мағынасын беру дұрысырақ деген шешімге келдік. Өте қиын болса да, біз білек сыбана жұмыс істеуден жалықпадық», - деп дубляждау барысында болған қиындықтармен бөлісті.

«Кек алушылар: Альтрон дәуірі» - қазақ тіліне аударылған он бірінші, 2015 көрсетілетін екінші голливудтық фильм. Постерлердің қазақ тілінде жасалғанын да айта кетуіміз керек. «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» фильмін қазақ елі өзге мемлекеттерге қарағанда бір апта бұрын тамашалайды. Алғашқы көрсетілімі 23 сәуірде өтеді.

Сюжетке сәйкес Тони Старк өзінің Щ.И.Т. ұйымы жұмысын тоқтатқан соң әлемдегі тыныштықты сақтайтын жасанды сана ойлап табады. Жасанды сана істен шығып, адамзат қауіп-қатермен бетпе-бет кездеседі. Темір адам (Кіші Роберт Дауни) жауыз дұшпаны Альтронға қарсы команда жинақтауына тура келеді. Осыған орай Америка капитаны (Крис Эванс), Тор (Крис Хемсворт), Халк (Марк Руффало), Қара жесір (Скарлетт Йоханссон) және Қыран көз (Джереми Реннер) қайта бас қосады.  

Сурет: вк желісінен

Қ. Бүйенбай