«Келін» телехикаясының жұлдызымен кездесуге 23 мыңнан астам адам жиналды

«Келін» телехикаясының жұлдызымен кездесуге 23 мыңнан астам адам жиналды

Ұлттық телеарнаның көрермендері Сидхарт Шукхланың келуін асыға күтті және оны әуежайға барып гүл шоқтарымен қарсы алды, - деп хабарлайды Massaget.kz  тілшісі Қазақстан телеранасының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Астана халықаралық әуежайында Сидхартты «Қазақстан» телеарнасының танымал жүргізушілері Нұрлан Қоянбаев, Ләйлә Сұлтанқызы қарсы алды.

Сидхарт Шукхла өзінің суреттері мен баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларын көріп, қазақстандықтардың арасында аса танымал екеніне шын көңілден таң қалғанын жасырмады.

Сидхарттың айтуынша, Мумбаидан шыққанда ауа температурасы +30 градус болған екен. Астанада біраз тоңғанын жасырмады. Соған қарамастан, қазақ халқының қонақжайлығы даладағы аязды қолмен жұлып алғандай. Сонымен қатар, елорданың зәулім ғимараттары мен қалың қарлары Сидхартқа ерекше әсер еткен көрінеді. Себебі, ол қыс мезгілінде шаңғы спортымен айналысқанды ұнатады екен.

28 ақпан, сенбі күні, сағат 15.00-де «Хан шатыр» сауда-ойын сауықтыру орталығында актер көрермендермен кездесіп, афтограф-сессия өткізді. Актермен кездесуге «Хан шатырға» 23 мыңнан астам адам келді.

Сонымен қатар, 28 ақпан күні «Жұлдызбен кешкі ас» ұйымдастырылып, өткізілді: «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының веб-порталында жарияланған викторина жеңімпаздары Астана қаласының мейрамханалырының бірінде Сидхарт Шукхламен және танымал отандық «Қара шаңырақ» телехикаясында басты рөлдердің бірін сомдаған актермен кешкі ас ішу мүмкіндігіне ие болды.

2 наурыз, дүйсенбі күні, «Қазмедиа Орталығының» 11-қабатында сағат 12.00-де Сидхарт Шукхла және отандық танымал «Қара шаңырақ» телехикаясында Әлішердің рөлін сомдаған Азамат Сатыбалды, Дәулетті сомдаған Әділ Ахметов, Мәдиді сомдаған Дәурен Серғазиннің БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-конференциясы өтті. Басқосуға сонымен қатар  «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ләззат Жүнісова мен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының директоры Ілияс Ысқақов қатысты.

Алдымен сөз алған Ләззат Олжабайқызы: «Ұлттық арна эфирінен көрсетіліп жатқан «Қара шаңырақ» және «Келін» телехикаялары - отбасылық құндылықтарды насихаттайтын туындылар. Бүгінде шетелдік туындылардан  телеарнамызда тек «Келін» телехикаясы ғана көрсетілуде. Біз отандық өнімдерді барынша қолдауға күш салып жатырмыз», - деді.

Өз кезегінде Сидхард Шукхла«Қазақстанға келетін кезімде не күтерімді білмедім. Дегенмен, ұшақтан түскеннен бастап Қазақстанның ғажап мемлекет екенін, адамдарының қонақжай екендігін байқадым. Қазақ халқы шын жүректен ризашылықпен, қонақжайлықпен қарсы алды. Сіздер де біздер сияқты отбасына үлкен мән береді екенсіздер», - деді.

Сонымен қатар, ол келген сәттен бастап бірнеше фотосессияға қатысып, тіпті, кейбір адамдардың суретке түсуден шаршаған жоқсың ба, деп сұрағанын айта келе: «Сол сәттерде айналамдағы адамдар, әсіресе, қыздар сұлулықтарымен тәнті етті. Тіпті, Қазақстаннан кеткім де келмей қалды. Өкінішке орай, бүгін еліме ораламын. Сіздердің қонақжайлылықтарыңызды сағынатын боламын», - деді Сидхартх Шукхла.

Танымалдылығы турасында қойылған журналист сауалына Сидхарт: «Актер болмас бұрын мен модель болдым. Ал, «Келін» телехикаясы мен түскен төртінші телехикая. «Келін» Үндістанда да танымал және үздік телехикаялардың бірі деуге болады. Жұртты қызықтыратыны - телехикаяның соңғы бөлімі. Мен айтар едім, жоғары рейтинг беретін телехикаяның соңын не үшін күтесіздер?», - деп жауап берді.

«Қазақстанның киноиндустриясы туралы көп біле бермеймін. Бірақ, сіздердің елге келгелі бері қазақтың актерлерімен таныстым. Байқағаным, олар халық арасында өте танымал, халық оларды жақсы көреді», - дейді актер.

Өз кезегінде сөз алған Азамат Сатыбалды «Қара шаңырақ» телехикаясына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. «Қара шаңырақтағы» сценарийдің шынайылығы, актерлік құрам бізге үлкен тәжірибе болды. Түсірілім жұмыстары алты айға созылды. Күн сайын бірге жүргендіктен, кейде тіпті бір-бірімізді сол телехикаядағы есімдерімізбен атап қалып жүрдік. «Қара шаңырақ» - қазақ телехикаяларына жаңаша леп алып келген туынды.  Себебі, біз мұнда шынайы ойнауды үйрендік. Мұның алдында түскен туындыларымызда сәл театрдағыдай әсірелеп ойнау болды. Не нәрсе болсын тәжірибемен келеді емес пе? «Қара шаңырақ» бізге шынайы ойнауды үйретті», - деді Азамат Сатыбалды.

Айта кету керек, бүгін «Қара шаңырақ» телехикаясының соңғы бөлімі. Ұлттық арнадан сағат 21.50-де тамашалай аласыздар. 

2 наурыз күні сағат 15.00-де Сидхарт Шукхла «Қазақстан» ұлттық арнасында тікелей эфирдегі «Әйел бақыты» бағдарламасына қонақта болды. Сонымен қатар, бүгін, 2 наурызда сағат 23.30-да телекөрермендер танымал жұлдызды «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» ток-шоуынан көре алады.

2012 жылдан бері Қазақстанда үндінің телевизиялық көрсетілімінің «Келін» сериалы үздік болып келеді. Әдемі кейіпкерлер, жақсы дубляж, әдемі қойылым рейтинг көрсеткіштерінің өсуіне оң ықпал жасады.

«Келін» - Үндістандағы танымал телехикаялардың бірі. Кинода әлеуметтік дәстүрлер тақырыбы қозғалады. Телехикая туған ел мен қара шаңырақты сүйіп, ата дәстүрді құрметтеуге шақырады. Бұл тұрғыдан алғанда, «Келін» телехикаясы «Қазақстан» телеарнасында эфирге шығатын отбасы мен отбаслылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған отандық «Қара шаңырақ» телехикаясымен сәтті үндесіп жатыр.

Оқи отырыңыз:

"Келін" телехикаясының шығу тарихы қандай?

Көрермен көзайымына айналған әртістер

"Келін" телехикаясының жұлдызы Қазақстанға келеді

"Келін" телехикаясының жұлдызы Қазақстанға қандай мақсатпен келеді?

Сурет: Қазақстан телеарнасының баспасөз қызметі

Қ. Бүйенбай