"Кешyou" тобы "Абайлаңыз, сиыр!" фильміне саундтрек ұсынды

"Кешyou" тобы "Абайлаңыз, сиыр!" фильміне саундтрек ұсынды

Жақында қазақстандық кинотеатрлардан «Абайлаңыз, сиыр!» атты отандық туынды көрсетіле бастайды. Бұл туралы фильмнің продюсері Баян Есентаева Instagram әлеуметтік желісінде мәлімдеді.

«Тракторшының махаббаты» телехикаясының табысты көрсетілімінен соң, режиссер Асқар Ұзабаев пен продюсер Баян Есентаева тағы бір жобаны қолға алып, «Абайлаңыз, сиыр!» атты толықметражды фильм түсіріп шықты.

Фильм желісі ХХ ғасырдың 90 жылдарында өрбиді. Айгүл есімді студент қыз топтасы Марленге ғашық болып қалады. Алайда бозбала Айгүлдің сезіміне сезіммен жауап берудің орнына «Мөөө» деп тіл қатады. Өйткені Айгүл толық қыз болғандықтан университетте оны «Сиыр» деп атайтын болған. Әрі қарай сюжет қарабайыр желімен өрбиді. Өзін-өзі қолға алған бойжеткен арықтап, уақыт өте келе әйелдер құқын қорғаушы бизнес-ханымға айналады.

Фильм продюсер әрі басты рөлді сомдаушы Баян Есентаеваға толық қызды ойнау үшін гримм арқылы 60 келі салмақ қосқан. Ал Баянның қарсыласы Әйгерімнің рөлін Айгүл Иманбаева сомдайды. Ол керісінше арық қыздан, толық әйелге айналады. Баянның ғашығының рөлі – Азамат Сатыбалдының еншісінде. Сонымен қатар фильмде Асылбек Боранбай, Азат Сейітметов, Кәдірбек Демесінов сынды белді қазақ актерлері бой көрсетеді.

Фильмде сонымен қатар, Кешью тобының мүшелері бой көрсетеді және қыздардың «Махаббат» атты әні фильмге саундтрек етіп тағайындалған. Кеше ғана ғаламтор бетіне осы әннің бейнебаяны жарық көрді. Бірге тамашалайық!

Сурет: instagram.com/yessentayeva_official, yvision.kz, brod.kz

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina