Рақышевтың тұңғыш үрейлі фильмі жарық көрмек

Рақышевтың тұңғыш үрейлі фильмі жарық көрмек

Режисерлік қоржынында «Жаралы сезім», «Менің де атым Қожа», «Жетімдер» сынды кинофильмдері бар қазақстандық режисер Еркін Рақышев өз мансабындағы алғашқы қорқынышты фильмін жарыққа шығармақ ниетте. Фильм «М-Агент» деп аталады.

«Бүгіндері интернет қатты дамып келеді. Оның пайдасы да жоқ емес. Бірақ интернетті қате жолға да пайдаланып, сол арқылы күдікті адамдармен танысып, аянышты істерді жасауға да болады. Міне, біз осындай жағдайларды өз фильмімізде көрсетпекпіз», - дейді режисер.

Кинофильм сценариінің желісі бойынша, отырыстан тараған төрт студент белгісіз жас әйелді соғып кетеді. Жауапкершіліктен қашқан төртеуі әйелдің өлі денесін қаланың сыртына апарып тастайды. Біраз күннен соң оларға агент арқылы Маржан Кереева есімді қолданушыдан хат келіп, жігіттер кезек-кезегімен көз жұма бастайды. Құпия қылмыстың ісін Жанар есімді криминалды хроника саласының жас журналисі жүргізеді. Журналист қыз Жанар белгісіз қолданушы Маржан Керееваның қылмыс болған күнде жігіттер көлікпен қағып кеткен әйел екендігін анықтайды.

«Біз кез-келген жамандықтың өзіңе қайта келетіндігін көрсеткіміз келді. Кинофильмді көруге байланысты жас мөлшерінен ешқандай да шектеу жоқ. Бірақ бір адамның жалғыз отырып көрмеуіне кеңес береміз. Кинофильмде жан түршігерлік қан жоқ. Бірақ ол онсыз да қорқынышты. Тіпті монтаждағылардың өздері кинофильммен түнде емес, күндіз жұмыс жасады», - деп ескертеді режисер Еркін Рақышев.

«Менің режисерлігіммен жарық көрген «Жетімдер» кинофильмін көрген адамдардың ішінен көзіне жас алмағанын байқаған жоқпын. Одан соң «Ашаршылық» («Голодомор») деректі фильмін жарыққа шығардым. Ол да бүкіл залды жылатты. Осыдан кейін маған «Мен енді көрерменді қорқытайыншы» деген ой келді. Қолымнан келе ме, жоқ па деп ойландым. Қолымнан келді де», - дейді режисер.

Кинофильмде Маржанның елесінің рөлін «Келін» фильмі арқылы көрерменге таныс актриса Гүлшарат Жұбаева сомдайды. Ал фильмге Бауыржан Көкенов композиторлық етпек. Режисердің сөзінше, ол өз музыкасымен-ақ көрерменді күйгелектікке салып қоймақ.

Еске саларлық жәйт, «М-агент» кинофильмі IX «Евразия» кинобайқауында «Динамикалық қазақша кино» бағдарламасы бойынша көрсетілген.

Қазақстандық киноайналымға аталған кинофильм 2013 жылдың қараша айында шықпақ. Айтпақшы, фильмнің бюджет қоры 250 мың долларды құрайды.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: baseofmp3.com 

А. Әбілхан