Сіз – көшбасшысыз!

Сіз – көшбасшысыз!
Фото: case.edufuture.biz

Көшбасшы – елді сөзіне ұйытып, ісіне сендіре білетін білікті тұлға. Ол үшін көп еңбектену және білімді болу керек. Дегенмен көшбасшы болу тек белгілі бір беделді адамдарға ғана тән құбылыс емес. Себебі айналаңыздағы адамдар сізді көшбасшы деп көруі мүмкін. Яғни сізге сенім артады. Сізді бағалайды. Қалай? 

Сіздің ойыңыз бәріне қызық 

Бұл сізді көшбасшы деп табатын жандардың қызығушылығы. Қуаныңыз. Себебі сіздің ойыңызды құптайтын, сіздің ойыңызды дұрыс деп табатын жандардың болуы сіздің ендігі көшбасшылық қабілетке ие екеніңізді көрсетеді. Ол үшін бастық болу міндетті емес. Қарапайым адам ретінде де көшбасшы болуға болады. 

Адамдармен қарым-қатынас орната білу 

Адамдар сізді көшбасшы деп танысын десеңіз, жай ғана идея ұсыну аздық етеді. Себебі сіз сол идеяны қорыта білуіңіз, адамдармен қарым-қатынас кезінде ұсына білуіңіз керек. 

Бастығыңыз кейде сізді жоққа шығаруы мүмкін 

Жалпы басшылық өзіне сенімді қызметкерлерді жұмысқа алғысы келеді. Бәрін қайта-қайта айтып, үйрете беру олардың шамына тиюі мүмкін. Ал осындай сәттерде сізді елемей қалып жатса, ренжімеңіз, ол сізге деген сенімділік. 

Көшбасшы болуға ұмтылмайсыз 

Нағыз көшбасшылар кеуде қағып, «менмін» деуден аулақ. Олар үшін қарапайымдылық басты орында. Іштей өзін көшбасшымын деп те сезінбейді. Бірақ елдің жүгін көтеріп, көпшілік үшін жұмыс жасайды. Ал бұл сізді сырттай көшбасшы деп тануға үлкен себеп. 

Сіз адамдардың өсуіне көмектесесіз 

Нағыз көшбасшы болсаңыз, қандай жағдай болмасын сіз ең алдымен үйретесіз. Өзіңізден кейінгі адамдардың өсуіне бағыт-бағдар бересіз. Бұл - сіздің ең үлкен қасиетіңіз. Көпшілікке бірдей көзқараспен қарай отырып, бөліп-жармай бәрінің биікке ұмтылуына себепкер болу да сіздің ең басты міндетіңіз. 

Адамдар сізден кеңес алуға келеді 

Егер адамдар сізден келіп ақыл-кеңес сұраса, сіз – көшбасшысыз. Себебі басқа емес, дәл сізді іздеп келіп ақыл сұрауында себеп бар. Өйткені сіз ол адамдардың ойындағысын айтасыз, сұрақтарына жауап бере аласыз. Бұл – жақсы қасиет. 

Жауапкершілік – сіз үшін заң 

Көшбасшы болу үшін шешен болу, сұлу сөйлеу міндетті емес. Ең бастысы өзіңізге жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындаңыз. 

Сіз тәкаппар емес, өзіңізге сенімдісіз 

Көпшілік ортада сізді тәкаппар деп санауы мүмкін. Бірақ бұл негіз емес. Себебі сіздің сырт бейнеңіз солай көрінуі мүмкін, ал жан дүниеңізде бұл сөздің екінші атауы «сенімділік». Сіз өзіңізге сенімді болғаннан кейін барып әрбір іске тиянақты және мұқият қарайсыз. 

Көшбасшы болыңыз, көштің басын бастаңыз! 

М. Ақан