Келіссөз жүргізу техникасы

Келіссөз жүргізу техникасы
Фото: vk.com

Жұмыс бабымен жұмыс орнымыздың атынан келіссөздерге жиі барып жатамыз. Келіссөзге барар алдында не нәрсені білу керек? Келіссөз барысында неден қашқан дұрыс? Осы туралы әңгімелейік. 

Келіссөз мына бөліктерден тұрады: 

◊ Танысу. Байланысты қалыптастыру; 
◊ Қарым-қатынас барысын бақылау; 
◊ Мәселені талдау; 
◊ Мәселені шешу;
◊ Байланысты тәмамдау.

√ Ақпарат жинау

Сәттілік сыры екінші бір адамның жүрегіне, көңіліне, басқаша айтқанда қалтасына жол таба білуде жатыр. Сіз белгілі бір компаниямен әріптестік байланыс орнату үшін келіссөзге барсаңыз, ол компания туралы мүмкін болған барлық деректі біліп барғаныңыз жөн. Аталған компанияға қатысты кез келген дерек маңызды болуы мүмкін. Ақпарат жинау "Екінші жаққа шын мәнінде не керек?" деген маңызды сұраққа жауап бере алмақ. Түпкілікті мақсат айтылған сөзбен сәйкеспей жатуы да мүмкін. 

√ Сүйкім

Өзіңіз туралы жағымды әсер тудырыңыз. Күлімдеңіз, бас шұлғыңыз, сұрақ қойып, мұқият тыңдаңыз. Оған жылы шырай танытып, әр сөзіңізді ойланып айтыңыз. Егер адам сізге оң көзбен қараса, сіздің мүддеңізге жеңілдік жасауы әбден мүмкін. Ол туралы алдын ала жеткілікті ақпарат жинап алған соң, оның қай бағытқа ұмтылатынын да шамалаңыз. Ешқашан бір жаққа асығып тұрған кейіп танытпаңыз. Сіз бұл әңгімені жалғастырып отыра беруге барсыз. Ал егер жақсы келісімге келу мүмкін болмаған жағдайда, ашуыңызды көрсетпей, жай ғана қоштасып, орныңыздан тұрып, сүйкіміңізді сақтап кете беріңіз. Ешқашан келесі тараптың алдында ашуға берілмеген жөн. Шын мәнінде бұл келіссөзде жеңіс дегеніміз - сізге тиімді шешілген жайттар, ал қалғаны, яғни оларға тиімді шешілген мәселелер - жеңіліс. Сондықтан келіссөздің алдында сіз үшін нақты ненің жеңіс әкелетінін біліп отырғаныңыз жөн.  Қарсы тарап сізге тиімді ұсыныс жасағанда, қуанып тұрғаныңызды білдірмеңіз. Егер ұсынысқа бірден келісім берсеңіз, сізді көндіру оңай екеніне олардың көзі жетпек. Сіздің соңғы сөзіңіз: "ойланып көрейін" болуы керек. 

√ Нақтылық пен тәжірибе

Сөзіңіз де, ұсынысыңыз да нақты болсын. Қарсы тараптың әлсіз тұсын біліп алып, соған бағыттап мұқият әрекет еткен дұрыс. Келіссөз барысында өзіңіз әріптестік байланыс орнатқан компанияларды атап өтіп тұрыңыз. Қарсы тарап бұл компанияларды бірінші рет естіп отырса да, сіздің тәжірибеңіздің мол екенін түсінбек. Ал танымал, беделді компаниялармен байланыс орнатқан болсаңыз, бұл қарсы тарапқа нәтижелі әсер қалдырмақ. 

√ Кәсібилік

Жұмыс барысында өз-өзіңізді дамытып, жетілдіріп отыруға тырысыңыз. Өйткені кез келген келіссөзде сіздің кәсібилігіңіз бен біліміңіз сынға түспек. Қаншалықты өз ісіңізді терең білсеңіз, кез келген адам мол білімнің алдында осалдық танытады. 

М. Оңғарова