Музей бақылаушысы: Неміс азаматы "Бұл шедевр!" деді

Музей бақылаушысы: Неміс азаматы "Бұл шедевр!" деді

Нашар интервьюер әңгімені «Мен» деп бастайды деген сөз бар...

Мен Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейіне қаншама жылдар бойы келіп жүрсем де, бақылаушыларға аса назар аудармаппын. Бәлкім сіз де сөйткен шығарсыз. Бірақ балалы болғалы ол жерге қашан барсам да, сәбиім екеумізді ерекше ықыласпен күтіп алатын бір топ адамның бары өнер ордасына бұрынғыдан бетер магнитше тартып тұрады. Әлі қолыңда тербетіп, тәй-тәй баспаған балаңа қарайласып, көрмеден шын тынығып шығуыңа ықпал жасайды. Осы аралықта еңбегі елене бермесе де, бәрі бір адамдай мейірімді жандардың танып-білуді, қызметінің қыр-сырымен танысуды армандап жүруші едім...

Сұқбатты алдымен актуал мәселеден бастап, кейін классикалық сұрақтарға ауысуды жөн көрдім.

— Соңғы кездері эко белсенділердің шедевр картиналарға әуес боп алғанын естіген шығарсыз. Бірінші «Мона Лизаға» торт жақты, кейін Ван Гогтың «Күнбағыстарына» томат пастасын құйды. Осы арқылы әлем назарын Жер шарын қорғау жолында еңбек етуге аудармақ екен. Сіз мұндай әрекетті қалай бағалайсыз?

— Мен экологиялық мәселелердің үлкен белең алғанын, табиғатты қорғау шараларын белсенді қолға алу керек екенін түсінемін. Бірақ,  құнды жәдігерді қорлау жөнсіз. Ондай әрекетті ақтауға болмайды. Егер сондай картина жазып, өз туындысын өзі өртеу арқылы назар аудартам десе, мейлі. Бірақ, өнер тарихындағы, адамзат тарихындағы шеберлердің жұмыстарына өзгенің еш құқығы жоқ. Бәлкім, ескінің адамы болғасын да осылай ойлайтын шығармын.

— Музейде келеңсіз оқиға бола қалса, қай экспонатты құтқарар едіңіз?

— Әбілхан Қастеевтің «Түрксіб» картинасын.

— Өзіңізді таныстырып, өмір жолыңыз, бұған дейін істеген жұмысыңыз жөнінде айта өтсеңіз.

— Менің аты-жөнім Мейірбекова Ханзада Рахманбердіқызы. Жасым 63-те. Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Сарыағаш қаласында туып-өскенмін. 1981 тұрмысқа шығып, өмірлік серігіммен Алматыға келдім. 4 бала тәрбиелеп өсірген отбасылы адаммын. Бірінші мамандығым – медбике. Кейін Д.А.Қонаев атындағы гуманитарлық институттың Заң факультетін тәмамдап, Ішкі Істер Министрлігінде 17 жыл жұмыс істедім. Зейнетке шыққаннан кейін осы Ә.Қастеев атындағы өнер мүзейіне ауысып келдім. Мінекей 4 жыл болды. Осы өнер қара шаңырағында қызмет ететініме күнде қуанам. Әрбір келушінің есіктен қуанып шыққанынан ләззат аламын.

— Бұл өнер ордасына жұмысқа тұруды ойлап жүріп пе едіңіз әлде ыңғайы солай келді ме?

— Зейнетке шығып, бір жыл үйде отырғаннан кейін, мұның қиын екенін түсіндім. Жұмыс іздеп жүрген кезімде осы жерге келдім. Дәл сол жылы жұмысқа қабылдаған кісінің санама ой салған мына бір сөзі есімде қалып қойды: «Бұл мұражайға келген адам кете алмай қалады. Бұл жерден керемет қуат аласың. Кешке жұмыстан үйге кеткенде шаршамай, көңілді шығып кетесіз. Қалып, ұжымға қосылыңыз» - деген еді. Міне, соған көзім жетті. Тура солай екен.

— Күнделікті қызметіңізге не кіреді? Қанша бақылаушы бар? Олардың орта жасы қандай?

— Таңертең сағат 9-ға 15 минут қалғанда, кофемізді ішіп, қызметтік киімімізді жөндеп дайын тұрамыз. 5 минут қалғанда залдардың есіктері ашылады. Біз жұмысымыз басталған кезде барлық экспонаттарды тексеріп шығамыз. Солардың бүлінбей, бүтін болуына, тазалығына жауап береміз. Жалпы 32 әйел адам жұмыс істейміз. Оның 20-сы 60 пен 70 жас арасында. Бұл жасы үлкен кісілердің қар жауды, жаңбыр жауды демей, жұмысқа кешікпей келіп, сүйсіне жасайтынына әлі күнге тәнтімін. Кей 7-ге дейін созыдатын көрмелер болады, сондайда жұмыста қалуын өтінсең, еш қарсылықсыз келісім береді. Мұның бәрі жасап отқан ісіне деген махаббаттан. Ұжым боп демалушыларды күліп күтіп алып, күліп шығарып салуға әрекет жасаймыз.

— Музейде не істеуге болмайды? Ең жиі бұзылатын ереже.

— Әрбір үйдің өзіндей тәртібі болатыны секілді, бұл жердің де өз ережелері бар: сырт киіммен, рюкзакпен кіруге, залдарда су ішуге, тамақ жеуге, мүсінді де, картинаны да қолмен ұстауға т.б. болмайды. Осы тәртіптің сақталуын біз мұқият бақылаймыз.

Алайда келушілердің де өз мінез-құлқы бар. Бақылаушылар есіктен кірген адамға амандасып, сақталуы керек тәртіптен хабардар еткісі келсе, құлақ аспайтыны да, «Жарайды, кешірім сұраймын, қалай жүрейін?» дейтіні де болады. Біз адамдарды сыртынан бақылап, тәртіп бұзуы мүмкін келушіні психологтай танып отырамыз. Бірақ, ол нақты әрекет етпейінше, ескерту жасауға құқығымыз жоқ. Кей адамдар: «Ережелерді білемін» дегенімін, балаларына картинаны ұстап көрсетіп, таныстырып жатады, сондай сәттерді: «Кешіріңіз, сіз бүгін балаңызбен келдіңіз, ертең немереңізбен келесіз. Ұрпағымызға аманат болған мұраны бірге сақтайық» -деп айтамыз.

Қазір әлеуметтік желі заманы болған соң, жастар суретке түскенді жақсы көреді. Ескерту жасасаңыз, сол желіге жазып жіберуге асық. Олар, ең алдымен, аса құнды дүниелер сақталған ғимаратта екенін ұғынса, екіншіден, әжелеріндей адамдардың еңбегін бағаласа деймін. Аз жалақыға асқан жауапкершілікпен қызмет етуші үлкен кісілерімізді қолдасақ. «Әнді сүйсең, менше сүй» деп Абай айтады ғой. Келушілер де бұл шаңырақты бізше сүйіп, бізше қадірлесе.

— Бақылаушылар ұзақ уақыт бір жерде тапжылмай отырады. Сіздерге телефон ұстауға рұқсат ете ме?

— Біздің телефонмен сөйлескенімізді көрі, керісінше өзімізге ескерту жасайтын келушілер болады. Әрине, біз ұзақты күні көк экранға үңіліп отыра алмаймыз. Тыйым салынбайтын жағдайлар болады. Мысалы, менің жолдасым 12 жыл бұрын онкологиялық дертке шылдықты. Ол кісі қоңырау шалса, мен міндетті түрде трубканы көтеремін. Ал ермек ретінде ұстамаймыз.

— Залдарыңыз ауысып тұра ма? Музей жабық болатын күндері жұмыс істейсіздер ме?

— Залдарымызды кейде ғана болмаса, жоспарлы түрде ауыстырмайды. Ал дүйсенбі, яғни, музей жұмыс істемейтін күнге кезекшілер бекітіледі. Себебі, алдағы көрмелерге дайындық жүреді, экспозициялар дайындалады. Жуырда Өзбекстаннан, Франциядан келген делегациялар сондай демалыс күнге сәйкес кеп қалды. Сол күндері кезекшілер залдарды ашып, қызмет етеді.

—  Мұражайға келгелі жатқан адамға қандай кеңес бересіз?

 —  Уақытша экспозиция залында болған оқиға есіме түсіп отыр. Бір жас қыз келді: «Апай мен түк түсінбедім»-деді, мен: «Жаным, асықпасаңшы, ашу, ыза, уайымды музейдің сыртына тастап кел. Картиналарға бақытты көзіңмен қарашы. Елемегеніңді байқайсың. Әрлі-берлі жүре берме. Тұрақта». Кетерде әлгі қыз келіп, бетімнен сүйіп-сүйіп кетті. Осылай әр келушіге көңіл бөлуге тырысамын.

— Шетелдіктер демекші, қашан келсек те, үнемі америкалық, еуропалықтар жүреді және олар біз секілді «Батыс Еуропа», «Орыс залдарына» емес, тікелей қазақ суретшілерінің жұмыстарына барады. Қазір жергілікті емес орыстардың да көп екенін байқап жүрмін, соңғы уақыттағы көшке байланысты болса керек. Олар да үнемі қазақ қолөнері секілді дүниелерді тамашалайды. Шетелдің қонақтармен тіл қатысып көрдіңіз бе?

— Иә, дұрыс айттыңыз, өзге елден келген қонақтарымыз әдетте Қастеев залынан кейін, 1930-50 жылдардағы қазақ өнері, 1950-60 жылдардағы қазақ өнері, 1960-80 жылдардағы қазақ өнері, одан әрі заманауи қазақ өнері ұсынылған залдарға өтеді.

Бір Германиядан келген қонағымыз Қастеевтің «Медеуін» ұзақ қарап тұрып: «Бұл шедевр! Шедевр!» -деді. Біз мұны онсыз да білетіндейміз ғой, бірақ жат келіп айтқанда өзгеше күй кешеді екенсің.

Айтқандай, дәл кеше жасы 25-30 аралығындағы жігіт келді, анасын ертіп. Бүкіл АҚШ, Еуропа мұражайларында болған екен. Третьяков галереясын да аралапты. Бірақ еш жерде картинаның зағиптар арналған нұсқасын көрмегенін айтып, қатты толқыды. Көзінен қуаныш көрмеу мүмкін емес еді. Мен осындай келушілерден қуат аламын.

 —Шынымен, жүрген жерінде мүзей аралайтын адамдар болады. Осы орайда сұрап өтейін, бұл әдетті балаға қалай, қай жастан сіңірген дұрыс?

—Мысалы, менің қазір сәулетші болып жұмыс істейтін балам 6 жасында хорға барды. Сол жердегі тәлімгері оларды үнемі мұражай, театрларға ерте жүретін. Баланың жан-жақты боп өсуінің маңызы зор деуші еді. Балалар алғашында алақ-жұлақ етіп қарағанымен, бейсанасында сақталады. Өсе келе ой елегінен өткізеді. Бұл бірінші жағы.

Екінші жағы, тәртіпті игеруі. Өзіңіз айтып отырған орыс келушілерге ескерту жасауға  себеп жоқ. Себебі музей аралау мәдениетін меңгерген. Солардың бірімен сөйлескенімде: «Бізді бала кезімізден қинап музей, опера, балетке апарады. Кейін қанымызға сіңіп кетеді» деді.


Аббас Киаростамидің "Көшірме - ақиқат" картинасынан стопкадр 

— Мұражайы жоқ, ауылдық аймақтарда өсетін адамдар болады. Мысалы, мен бала кезімнен әкемнің кітаптары, газет-журналдардан ұлы картиналардың көшірмелерін көріп өстім. Үйімізде көркем шығармаларды балаларға дауыстап оқитын, картиналарды коллекциялайтын еді. Кейбірінің көшірмесі сапалы майлы бояудан болатын. Ол кезде мәніне бойламасаң да, сіз айтқандай, бейсанаңда сақталатыны рас екен. Есейе келе әдетімше интеллектуалдық ойын көріп отырғам. Онда: «Девочка с персиками» картинасында қанша шабдалы бар?- деген сұрақ болды. Ол жерде, өзіңіз білетіндей, осал адам ойнамайды. Барлығы 3 шабдалы деген жауаппен үлкен суммадан қағылды. Ал тағы 1 шабдалының кейіпкердің қыздың қолында екені менің есімде қалыпты. Дұрыс жауап бердім. Сонда көшірменің де берері бар болғаны ғой демек. Заманымыздың шебер режиссері Аббас Киаростамидің «Көшірме — ақиқат» аталатын туындысындағы көпқатпарлы ойдың бірі көшірменің түпнұсқаға жол сілтейтіні туралы.

— Әрине, мүмкіндік жоқ жерлерде өнерге баулып, көшірмесін болса да, көрсетіп өсірген дұрыс. Бірақ мұражайлары бар қалалардың тұрғындары балаларын түпнұсқаны тамшалауға жиірек апарса деймін. Оның берер әсері ерек. Мен алғаш жұмысқа орналасқан жылдары бір келіншек келді, толқып тұрғанын сезіп, сөзге тарттым (Профдеформация деген осы шығар, адам танып үйренесің): «Жасым 45-те. Қастеев мұражайын көру үшін Шығыстан келдім. Алғаш рет»-деді. Тым әсерлі еді сөздері. Жуырда Астанадан отыз жастағы жігіт келді: «Қастеев атамыздың шығармашылығын түпнұсқада тамашалауға арнайы келіп тұрмын» деді.

— Сіздің жұмысыңызға деген ерекше ықыласыңыз мені де толқытып отыр. Осындай келушілерге қатысты естеліктеріңізбен тағы да бөлісіңізші.

— Бір күні залға  екі ұл, бір қыз кірді. Содан залдың ана шетіне бір жүгіріп, мына шетіне бір жүгіріп қарайды. Қыз бала сондай әдемі екен, қасына жақындап: «Не деген сұлу қызсың, сен бұл екі жігітке ерме, одан да өзіңдей мына сұлулыққа бір тоқтап қарашы. Қарашы асықпай. Сен не көрдің?!» - дедім «Түрксібті» меңзеп. Ана қыз қарады да, ішек-сілесі қатып күлді. «Не көрдің?»-дедім. «Қуаныш көрдім»-деді, –«Пойыздың келгеніне мына күшік те құйрығын көтеріп қуанып тұр ғой».

Сұқбаттан соң залдар арқылы келе жатып, алдымнан Бертолуччидің «Арманшылдары» шығып қалардай елегзумен болдым. 

Бернардо Бертолуччидің «Арманшылдар» картинасынан стопкадр

А. Оралқызы