"Жыр алыбы – Жамбыл" республикалық фестивалі  өз мәресіне жетті

"Жыр алыбы – Жамбыл" республикалық фестивалі өз мәресіне жетті

Отандық хип-хоп индустрияның талантты өкілдерін бір шығармашылық алаңда тоғыстырған "Жыр алыбы – Жамбыл" республикалық фестивалі өз мәресіне жетті. Жамбылдың 175 жылдығына арналған жаңа фестиваль заманауи форматта өткізілді.

Фестивальге Жамбыл ақынның мұрасынан қуат алған жас музыканттар қатысты. Instagram, YouTube, Facebook әлеуметтік желілері арқылы іріктелген қатысушылар өнерлерін жоғары дәрежеде көрсете білді. Жас таланаттардың артистік шеберлігі, сөз саптауы, вокалдық қабілеттері өнер сүйер қауымның зор ықыласына бөленді. Қатысушылар арасында Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері: орыс, белорус, өзбек, ұйғыр және басқа этностар болды Олардың барлығы рэп және ән партияларын қазақша орындады.

Фестиваль ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтті. Бұл фестивальдің мақсаты – Жамбылдың мұрасын насихаттай отырып, жас таланттарды қолдау, ел аймақтарының өзара шығармашылық байланысын нығайту. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Жамбылдың мұрасын жастар арасында танымал ету, Жамбыл қалдырған өсиеттерді өскелең ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, жобаға қатысушы жастар мол тәжірибе жинағандарын жеткізді. Солардың бірі – Қостанай қаласынан келген Денис Яковлев. Ол Жамбылдың "Угай-ай" әнін домбырамен орындады.

- Жамбылдың заманында ақындар айтысы кеңінен тараса, қазір жастар арасында айтыстың жаңа формасы- рэп-баттл танымал. Фестиваль жас ұрпақтың Жамбыл жырларына деген жаңаша көзқарасын жеткізді,- деді Денис. 

Жоба аясында жастар арасында танымал Kyle Ruh, Ziruza, Ray,  Nei1tron,  Madi Rymbaev, Soulbirkez, Esko сынды жас әртістер өнер көрсетіп, өнердегі ерекше жетістіктерімен бөлісті. Өнер жолында тәжірибе жинап үлгерген Kyle Ruh есімімен белгілі әнші Ерік Төленов ұлы ақынның жырлары әлі күнге дейін өзекті екендігін айтты.

- Жамбыл атамыз жырлаған маңызды тақырыптарды бүгінде жас рэперлер айтып жүр. Біз Жамбылдың мұрасынан шабыт алып, жастар арасында танымал болатын заманауи туындыларды ұсынамыз,- деп жеткізді жас әртіс.

Фестиваль Алматы қаласында Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында эксклюзивті жаңа туындылар орындалған үлкен гала-концертпен аяқталды.