Ван Гогтың жаңа картинасы табылды

Ван Гогтың жаңа картинасы табылды
Фото: www.breakinglatest.news www.itinari.com

Винсент Ван Гогтың бұрын көпшілік көрмеген суреті пайда болды. Аталған өнер туындысы голландиялық шебердің өз есімімен аталған Амстердам мұражайына қойылады.

1882 жылдың қарашасынан бастап «Зорыққан» деп аталатын бұл сурет  Голландияда есімі беймәлім жеке колекционердің топтамасында сақталып келген және оның бар екенін тек мұражай қызметкерлерінен тұратын бірнеше адамдар ғана білген екен.

Топтама иесі мұражай қызметкерлерінен қол қойылмаған суреттің шынымен Ван Гогқа тиесілі екенін анықтауды сұрайды. Аға ғылыми қызметкер Тейдо Мидендорп бұл картинаның стилі Ван Гогтың Гаагадағы суреттеріне сәйкес келетінін айтты. Материалдардан бастап, сурет салу стилистикасына дейін суретшінің авторлығын көрсетеді. Тіпті артқы жағында зақымдану белгілері де  бар болып шықты, бұл Ван Гогтың крахмалды қағаз парақтарын сурет тақталарына жабыстыруымен байланысты. 

«Жаңа туындының Ван Гогқа тиесілі болып шығуы өте сирек болатын құбылыс», - деді мұражай директоры Эмили Горденкер,- «Біз оны мұражайға келушілерге көрсетіп, тарихын баяндап беруге дайынбыз. Осындай жақұттың табылғанын мақтан тұтамыз».

Эскиз Ван Гог портреттік шеберлігін жетілдіріп жүрген кезде жазылған. Онда ағаш орындықта басын қолымен ұстап отырған егде жастағы ер адам бейнеленген.

А. Оралқызы