Кимешек – әйел тазалығының белгісі

Кимешек – әйел тазалығының белгісі
Фото: dimash-efc.ru

Кимешек – қазақ әйелдерінің дәстүрлі ұлттық бас киімі. Көшпелі тұрмыс-салттың нәтижесінде пайда болған. Кимешекті республикамыздың кей өңірлерінде шылауыш деп те атаған. Сонымен қатар бұрама жаулық, иекше, т.б. атаулары да кездеседі. Кимешекті көбінесе ақ матадан, кейде ақ жібектен адамның басына лайықтап пішіп, тігеді.

Кимешек әжелердің салтанатын, биіктігін, тазалығын білдіреді, сонымен қатар басын шаң-тозаңнан сақтап, шашы қобырап тұрмауына септігін тигізеді. Кимешек басты, кеудені, иықты және арқаны жауып тұратындай тұйық етіп тігіледі. Тек адамның бет-әлпеті ашық тұратын жері ойық болады. Ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп әшекейленеді, ұшына күміс теңгелер, моншақтар тағылады. Бұл кимешекке сән береді, әрі төмен қарай басып, жазылып тұруға әсер етеді. Әр өңірдің әйелдері киетін кимешек негізінен ұқсас болғанмен, үлгісінде және өрнегінде кейбір айырмашылықтар бар.

С.Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-үйінің  жатын бөлмесіндегі киім сөресінде ілініп тұрған ерекше жәдігер – кимешек музей келушілерінің назарын аудартып, әрдайым олардың көкейлерінде "Бұл жазушының жары – Мәриям апай киген кимешек пе?" деген сауал оятады. Музей экскурсоводы бұл кимешекті Мәриям Қожахметқызына атақты актриса, Қазақстанның халық әртісі Бикен Римова сыйға тартқанын баяндайды.

Кимешек ақ түсті. Жалпы тігілу пішіні екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі – басқа иекті айналдыра киетін жамылғы. Оған  қанық сары және ақшыл сары моншақтармен көмкеріліп, әдемі гүл тәріздес өрнектер түскен. Кеудеге түсіп тұратын тұсына әр жерден ақ, жылтыр моншақтар тігілген. Төменгі етегі ішке қарай қайырылған. Екінші бөлігі – түндік.  Ақ матаның ішіне қатты қағаз (картон) салып, айналдыра дөңгелене тігілген. Үстінен жартылай қосымша сары түсті мата жүргізілген. Оған жасыл түсті өрнектер араласқан. Жоғарғы жағынан етегіне дейін әр жеріне сары жылтыр мон­шақтар тігілген.

Бикен апамыз Мұқаң, Ғабең, Сәбең секілді ұлы тұлғалардың көзін көрген, олардың отбасымен аралас-құралас болған. Сахнадағы ғажайып өнерінен бөлек, ол он саусағынан өнер тамған шебер, ісмер екен. Ол кісі қолы қалт еткенде өзіне көйлек, балаларына киім-кешек тоқығанды ұнатқан.

Ал мына өз қолымен өрнектеп тігіп, сыйға тартқан кимешекті  Мәриям Мұқанова  1960 жылы Сәбеңнің 60 жылдық мерейтойында киген. Мәриям апай сол тұста 50 жаста болған. Музей кешені қорында осы мерейтойда Мәриям апайдың кимешекті киіп, Сәбеңмен бірге түскен  фотосуреті де сақталған. Кимешекті музейге  Жанна Сәбитқызы Мұқанова сыйға тартқан.

egemen.kz

Қ. Слямбек