Питер Линдберг: "Бет-әлпет адам жанының түкпіріндегі сезім мен құпия қасиеттерден сыр шертеді"

Питер Линдберг: "Бет-әлпет адам жанының түкпіріндегі сезім мен құпия қасиеттерден сыр шертеді"
Фото: vk.com

Күні кеше аты аңызға айналған фэшн-фотограф, Наоми Кэмпбелл, Кристи Тарлингтон, Линда Евангелиста, Синди Кроуфорд, Кейт Мосс, Стефани Сеймур сынды супермодельдерді әлемге танытқан Питер Линдберг мәңгілік мекеніне аттанып кетті. 

Ақпаратты бүгін сән өндірісінің өкілдері жариялады. 74 жасында бақилық болған фотограф бар әлемге шедевр фотосуреттерімен танымал.

Нағыз интеллигент болған тұлғаның әр сөзі алтындай бағалы еді. Солардың бірқатарын ұсынып отырмыз:

Шабыт туралы

"Мен көзіме түскен әр дүниеден әдемілік іздеймін. Кейін оны өз жұмыстарымда көрсетіп отырамын".

Жасырын қасиеттер туралы

"Адамның бет-әлпеті оның жанының түкпіріндегі сезімдері мен құпия қасиеттерінен сыр шертеді. Бір кездері өзімнің жақын досым, режиссер Вим Вендерс пен оның жұбайы Донатаның портреттерін жасадым.  Вим әйелінің суретін көргенге қатты таңқалды. Өзі сүйетін әрі жақсы білетін, өмір бойы қасында жүрген адамды өзге қырынан көру оған беймәлім сезім сыйлады".

Технологиялар туралы

"Қазіргі жас фотографтар аналогті аппаратпен жұмыс жасай алмады. Мен үшін пленкамен жұмыс істеу – нағыз ләззат. Мен цифрлы камерасыз-ақ бақытты едім".

Мәңгі жас боп қалу феномені туралы

"Pirelli күнтізбесі арқылы қалыптасқан стандарттан тыс сұлулықты дәріптеуге тырыстым. Қазіргі заман талабы бойынша әйел адам мінсіз әрі жас болуы керек. Сұлулық пен балғындығын сақтауы керек. Бірақ бұл шын өмірден тым алшақ түсінік.
Мінсіз әйелді сүйу оңай. Ондай табылса, әрине. Ал табиғат берген болмысымен қабылдау кез келгеннің қолынан келмейді. Менің соны үйреткім келді".

 Шығармашылық туралы

"Біз шығармашылықпен бірге өмірге қайта келеміз. Ол арқылы жаратылысты қайта танып, онымен қайта қауышамыз. Ол біздің болмысымызға айналады ". 

А. Оралқызы