Бақытжан Сағынтаевтың Жазушылар Одағындағы кездесуінде айтылған ұсыныстары

Бақытжан Сағынтаевтың Жазушылар Одағындағы кездесуінде айтылған ұсыныстары
Фото: vk.com

Қазақстан Жазушылар Одағының 85 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ақын-жазушылармен кездесті. Жиын кезінде қала әкімі қаламгерлерге қатысты өз жоспарларымен бөлісті. 

Алдымен әкім Жазушылар одағының күрделі жөндеуден өтуі үшін 250 миллион теңге бөлгенін айтты. 

"Ғимараттың тозғаны көрініп тұр. Смета жобасы бекітілді. Бюджеттен 250 миллион теңге бөлдік. Құрылыс басқармасының өкілдері ғимаратты көріп кеткен соң мәдениет басқармасы жөндеу жұмысына конкурс жариялайды. Одақтың жері жалға берілген. Оны Жазушылар үйінің қарамағына өткіземіз. Содан кейін жер де одақтың өзіне тиесілі болады", – деді Бақытжан Сағынтаев. 

Сонымен бірге “Алматы” телеарнасы ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығына арналған жоба әзірлейді. 

Бақытжан Сағынтаев қайда жүрсе де, "Қазақ әдебиеті" газетін жаздырып алып, оқып жүретінін айтты. “Қазақ әдебиеті” газетінің қаржы жағдайын көтеруге де қолдау көрсететінін және бюджеттен ақша бөлініп, газеттің жағдайы жақсаратынын атап өтті. 
Қала әкімі әдебиет өкілдеріне арналған халықаралық байқау өтетінін хабарлады. 
Алматы – елдің өнері мен мәдениетінің қарашаңырағы. Қаланың тарихын көпшілікке дәріптеу мақсатында 2020 жылы халықаралық “Алматы – еліміздің өркениет ордасы” атты әдеби-жанрлық байқау өткіземіз. Одақ байқауды ұйымдастыруға белсене қатысады деп үміттенеміз, – деді әкім. 
Қала басшысы қаламгерлер қаламақысының аз екенін, оны біртіндеп шешу үшін тамыз айынан бастап 30 ақын-жазушыға грант берілетінін хабарлады.

"Мен 30 қаламгерге грант бөлуді ұсынамын. 500 мың теңге ме әлде басқалай ма, оны кейін қарастыра жатармыз", – деді қала әкімі.

А. Оралқызы