Биыл елімізде халықаралық мұражайлар күніне орай "Музей түні" акциясы бесінші рет өтті

Биыл елімізде  халықаралық мұражайлар күніне орай "Музей түні" акциясы бесінші рет өтті
Фото: inform.kz

Биыл елімізде халықаралық мұражайлар күніне орай "Музей түні" акциясы бесінші рет ұйымдастырылды. Аталған шара 1977 жылы Музейлер бас конференциясында бастама етіп көтерілген. Оны алғаш рет 1997 жылы Герменияның Берлин қаласы ұйымдастырды. Содан бері аталған іс-шара әлемнің әр түкпірінде аталып өтіледі. 

Ал елімізде бұл күн 2015 жылдан бері аталып өтіледі. Биыл "Музей түніне» орай елордамызда халықаралық мереке "5 жыл бірге" тақырып аясында ұйымдастырылды. Шараның мақсаты ұлттық құндылықтарымызды, тарихымыз бен мәдениетімізді келушілерге дәріптеу. "Музейлер түні" қарсаңында елордалықтар мен қала қоннақтары мұражайға тегін кірді. 

Бұл күні келушілер жаңа экспонаттармен толықтырылған Этнография және "Асыл мұра" атты жаңа залдарды тамашалады. Бұдан бөлек "Егемен Қазақстан" газетінің 100 жылдығына орай "Жүз жылдық жылнама" көрмесі өткізілді. Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының дирекиоры ақын Дәулеткерей Кәпұлының бастамасымен ұйымдастырылған "Ақшамдағы ақындар жыры" атты шығармашылық кешінде елордалық бірнеше жас ақын жырдан шашу шашты. 

Шара бағдарламасында "Құсни Қорлан" көрінісі болды. Келушілер түрлі викториналық сұрақтарға жауап беріп, "Тоғызқұмалақ", "Асық ату" сынды ұлттық ойындарымызды ойнады. 


Алматы қаласында ҚР Мемлекеттік орталық музейінде "Музей түні" акциясы биыл кезекті рет ұйымдастырылды. 17 мамыр күні кешкі 18:00-мен 00:00 аралығында өткен іс-шара жастар жылына арналып "Жастар: бастама, жетістік" деген атпен өткізілді. 

Осыған орай мұражайда "Біз Қазақстанның болашағы" атты көрме ашылды. Бұл күні келушілер суретші Данияр және Асылгүл Байдаралиндердің сақ кастюмінің тұсаукесерін тамашалады және Индонезия, Түркия және еліміздің шеберлерімен кездесулер мен шеберлік-сабақтар өткізілді. 

Осы түні қалалықтар мен қала қонақтарына мұражайдағы 4 зал – "Қазіргі Қазақстан", "Палеонтология және археология", "Тарихи этнография", "Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан және диаспоралар мәдениетіне" тегін экскурсия ұйымдастырылды. 

2015 жылғы алғашқы "Музейлер түніне" 23 мыңдай адам қатысса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 30 мыңға жеткен. Ал биыл аталған акцияға келушілер жылдағыдан да көп болғанға ұқсайды. Себебі биыл Түркістан қаласында да тұңғыш рет "Музей түні" ұйымдастырылған. 


Қожа Ахмет Яссауи кесенісінде ұйымдастырылған іс шара кесененің қақпасынан басталды. Келушілер мен қала қонақтарын музей директеоры құттықтады. "Әр жыл сайын Музейлер күні кең көлемде аталып келді. Ал, музей түні -әлемдік тәжірибеде бар шара. Биыл, Түркістан қаласында тұңғыш рет "Музей түні" өтеді. Түнгі екіге дейін қорық-музейге келуші барлық қонақтар түрлі танымдық бағдарламаларды тамашалап, сайыстарға қатысып, таныса алады. Мерекелік бағдарламаның бәрі рухани, танымдық шараларға негізделген. Әр Құжыра бөлмесі,тарихи маңызына сай безендіріліп, бағдарламалары да өз ерекшелігіне сай жасалды. Баршаңызды "18 мамыр - Халықаралық музейлер күні" мерекесімен құттықтаймын!",– деді Нұрболат Қадырұлы. 

Кесене ішіне кіргендер "Қорық-музейдің өткені мен бүгіні", "Қорық-музейдің баспа өнімдері" тақырыбындағы фото және кітап көрмесін тамашалап, этнограф А.Серім және тайқазанды зерттеуші ғалым Д.Мұстапаевпен кездесу өткізді. Сондай-ақ, "Музей түні" қарсаңында мұражайдың бірнеше қызметкерінің еңбегі еленіп, оларға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісі табыс етілді. 

Келушілер арасында көрші Өзбекстан, Түркия және қытайлық туристтер болып, олар бүгінгі іс-шараға өз ризашылықтарын білдірді. 

Т. Раушанұлы