Тренд: финста деген не?

Тренд: финста деген не?
Фото: vk.com

Жерде тіршілік пайда болғаннан бері келіп-кетіп жатқан адамдар... Қай ғасыр, қай дәуірде дүниеге келсе де, олардың бірі өмір мәнін, екіншісі Тәңір, енді бірі өзін іздеп әлек.

Пендеге тән осалдығын өзгеден жасырамын деп өзін-өзі алдаған XXI ғасырдың “рухы күшті” адамдары бұл сұрақтардың жауабын жалғыз іздеуге мәжбүр.

Бір-бірін қоршаған миллиондар. Бірақ ол кешкен күй өзгеге таңсық секілді. Адамзат тарихында дәл өзіндей сезімтал пенде болмағандай. Оны ешкім түсінбейді. Есіксіз, терезесіз тар қапасқа қамала береді. Сол түнекте отырған сайын бұл ойлар миына бекіп, олардың дұрыс екеніне сенімі арта түседі.

О бастан өзіндей жаратылыс иелерінің ортасында өмір сүруге жаралған пенде дос, сыңар, сырлас іздейді. Бұл – заңдылық. Босағасына адам ізі түспеген мекеннен кімді тапсын?

Ал, жалғыздық неге асқынған? Әлеуметтік желі мен хай-тэк заманында керісінше болуы тиіс емес пе? Байланыс орнату қолжетімді болған сайын “өршіген тыныштық”.

Қазіргілердің өмірі виртуалды әлемге таңылған, өзгелердің қызыл-жасыл, жалт-жұлт инста тірлігіне қызығумен өтуде. Осыған байланысты, бұрын-соңды болмаған түрлі әлеуметтік құбылыстар мен психологиялық аурулардың пайда болып жатқанына куә боп жүрміз. Солардың бірі: Финста.

Финста қандай құбылыс?

2014 жылы Амалия Ульман есімді суретші инстаграм әлеуметтік желісінде ерекше арт-жоба жүзеге асырды. Ол парақшасына өзін Лос-Анджелесте тұратын өте ауқатты бикеш ретінде көрсететін фотосуреттер салған. Бір қызығы, 5 айдың ішінде 90 мыңнан астам адамнан достық ұсынысы түскен. Кейін Амалия парақшаның шындыққа сәйкес келмейтінін, бәрі жалған екенін жайып салады. 

Біз әңгімелеп отырған құбылыс атауы қалай пайда болған? 

Urban Dictionary сөзді былай түсіндіреді: "Финста деген fake ("жасанды") және insta ("инстаграм" сөзінің қысқа нұсқасы) сөздерінің бірігуінен туған. Кейде финста парақша құпия түрде жүргізіледі. Жалған есім, никнейммен тіркелгендер де болады.

Бұл ерте басталған құбылыс, қазір ғана трендке айналуына әлем жұлдыздарының өздеріне ашық түрде финста парақша аша бастауы себеп болды. Олар финста парақшасын альтер-эголарына арнайды. Яғни, екінші болмысын көрсетуді мақсат тұтады.

А. Оралқызы