Душанбе қаласында Қаныш Сәтбаевтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылады

Душанбе қаласында Қаныш Сәтбаевтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылады
Фото: ru.sputniknews.kz

2017 жылдың 1 наурызында Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Нұрлан Сейтімов Тәжікстан Ғылым академиясының Президенті Фарход Рахимимен кездесті, деп хабарлайды BNews.kz.

Елші сұхбаттасын Қазақстанның қазіргі кезеңдегі дамуының негізгі тұстарымен таныстырды. Оның ішінде, Қазақстандағы мемлекеттік билік арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Халыққа үндеуі және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының мазмұнымен таныстырды.

Одан әрі, тараптар екі ел ғалымдарының ғылыми маңызды ортақ зерттеулер жөнінде пікір алмасты. Осы тұрғыдан, Ф.Рахими Тәжікстанның астрофизика және сейсмология саласында үлкен тәжірибесі бар екеніне назар аударды.

Н.Сейтімов әйгілі геолог, Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушы, Тәжік КСР Ғылым академиясының Тұңғыш құрметті мүшесі Қаныш Сәтбаевтың Тәжік КСР Ғылым академиясының ашылуын ұйымдастыруға тікелей атсалысқаны туралы баяндады.

Бауырлас мемлекеттердің жас ұрпақтары Академик Қ.Сәтбаевты мәңгі есте сақтау үшін, Тәжікстан Ғылым академиясы ғимаратына ғалымның ескерткіш тақтасын орнату туралы Елшінің ұсынысын ТР ҒА Басшысы қолдады.

Сұхбат соңында қазақстандық дипломат Фарход Рахимиге кездесу үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Тәжікстанның ғылым саласындағы ынтымақтастығының одан әрі нығаюына сенімін білдірді. 

B. ZHAQSYMBET