Мәдениет министрлігі суретшілер арасында байқау ұйымдастырады

Мәдениет министрлігі суретшілер арасында байқау ұйымдастырады
Фото: qapper

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы суретшілер арасында байқау ұйымдастырады.

Байқаудың басты мақсаты — халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің фольклорлық мәтіндердегі бейнелену барысын, ұлттық колоритін сақтай отырып қағаз бетіне түсіру, яғни сөзбен салынған бейнені бояумен салынған бейнеге айналдыру.

Байқауға қатысушы суретшілер ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылған мәтінді басшылыққа ала отырып, әр мифтік бейненің өзіндік ерекшелігін сақтап, жиынтық бейнелердің халықтың наным-сеніміне, дүниетанымына сәйкес визуалды бейнені жасауы, яғни суретін салуы тиіс.

Жалпы жұртшылықтың, әсіресе, жас жеткіншектердің қазақ фольклорын танып-білуге, зерделеуге деген құштарлықтарын ояту үшін атқарылып отырған бұл жоба өзінің бірегейлігімен ерекшеленеді.

Байқауға сурет сала білетін және қазақ тілін еркін меңгерген Қазақстан Республикасының барша азаматы қатыса алады. Үміткер байқауға қатысу үшін tilortalyk.kz веб-сайтына тіркеліп, сайттағы фольклорлық кейіпкерлердің мәтіндік сипатымен және зерттеушілердің тұжырымдарымен, байқау ережесімен таныса алады.

Үміткер өзі таңдаған кез-келген кейіпкердің қырынан және алдынан қарағандағы беліне дейінгі көрінісін және сол кейіпкердің қырынан және алдынан қарағандағы ұзына бойы көрінісін төрт түрлі етіп түрлі-түсті бояумен салуы керек.

Байқау материалдары 2015 жылдың 9 қазаны мен 19 қарашасы аралығында tilortalyk.kz сайтында жалпы жұртшылық тарапынан ашық дауысқа түседі. Байқау жеңімпаздары ғаламтор арқылы ашық дауыс беру нәтижесінде алған ұпайлары мен қазылар алқасының берген ұпайларының жиынтық балына сәйкес анықталады. Жеңімпаздарды айқындайтын шешуші кезең 2015 жылдың 3 желтоқсанында ҚР Ұлттық кітапханасында өтеді.

Материалдарды рәсімдеу тәртібі:

- Үміткер таңдаған кейіпкердің қырынан және алдынан қарағандағы беліне дейінгі 2 көрінісін салады;
- Үміткер таңдаған кейіпкердің қырынан және алдынан қарағандағы ұзына бойы 2 көрінісін салады;
- Әр суреттің жоғарғы оң жақ бұрышына автордың өзі таңдаған кілт сөзі жазылады;
- Жаңа параққа суретшінің аты-жөні, қысқаша өмірбаяны, оқитын немесе қызмет ететін ұйымның, қаланың атауы жазылып, кілт сөзі көрсетіледі;
- Суретші туралы мәлімет Times New Roman шрифтінде 14 кегльмен жазылуы керек; 
- Жол шеті: үсті – 20 мм, асты – 20 мм, сол жағы – 20 мм, оң жағы – 20 мм;
- Жол арасы – 1 интервал;
- Суретші туралы мәліметке қосымша суретшінің жеке түскен көркем фотосы жіберілуі тиіс.

Ұйымдастырушылар 2015 жылдың 10 қарашасынан кейін түскен, сондай-ақ талаптарға сай келмейтін байқау материалдарын іріктеп, таңдауға құқылы. Байқау жұмыстары ережеге сәйкес 2015 жылдың 9 қарашасына дейін lingvo@tilortalyk.kz электрондық поштасына қабылданады.

Байқауда жеңімпаз атанған азаматтар қаржылай сыйақымен марапатталады.

Дереккөз: bnews.kz 

С. Ерсін