- Негізгі бет
- LifeStyle
- Қазақ жігіттері екінші...
Қазақ жігіттері екінші әйел алу жайлы неге көп айтады? Психолог пікір білдірді
Қазақстанда көп әйел алуға заңмен тыйым салынған. Алайда қоғамда заңдағы тыйымға қарамастан бірнеше әйел алып жатқандар бар. Сондай-ақ ер адамдар кейде қалжыңдап, кейде шынайы оймен тоқал алғысы келетінін айтып жатады. Тіпті бастары қосылса тоқал тақырыбы өзекті екенін байқаймыз. Неліктен ер адамдар екінші әйел алғысы келеді? Бұл сұраққа психолог Аяулым Өмірғалиқызы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ислам дінінде төрт әйелге дейін алуға рұқсат берілген. Сондықтан да қазақ жігіттері кейде қалжыңдап болса да, тоқал тақырыбын жиі қозғайды.
Бұған дейін ҚМДБ өкілдері көп әйел алуға қатысты пікір білдірген болатын:
"Алла Тағала Құранда былай дейді: "Егер (үйленгенде) жетім әйелдер жайында әділетсіздік істеуден қорықсаңдар, өздеріңе жаққан басқа әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер. Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар немесе қолдарыңдағы күң де болады. Әділетсіздік болмауға жақынырағы осы" (Ниса сүресі, 3-аят). Бұл аяттан Алла Тағаланың ер кісіге әділдік ете алса 4 әйелге дейін рұқсат беретінін аңғарамыз. Алайда қазір дінде төрт әйел алуға рұқсат бар екен, сүннет екен деп екінші әйел алып жатырмыз деген адам көп. Бірақ оның шарттары қандай, қай жағдайда рұқсат береді, не үшін екенін аз адам ғана біледі. Ендеше екінші әйел алудың негізгі шарттарының бірі - әділдік. Ер адам барлық жағдайда екі әйеліне теңдей қарау керек. Баспана, киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәрмек, төсек қатынасы, яғни отбасында болатын бүкіл жағдайда екі әйеліне бірдей қарауға тиіс. Өйткені Алла Тағала: "Егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар" деген", - деп келтірді имамдар.
Психолог Аяулым Өмірғалиқызының айтуынша, әдетте, ер адамдардың екінші әйел алғысы келуіне жұбайының өзін "әйел" ретінде қабылдамауы әсер етуі мүмкін.
"Бұған тереңірек ұғынып қарайтын болсақ, көп әйелдер - ішінде "әйел" емес, яғни, әйел болғысы келмейтін адамдар. Мұндай әйел тұрмысқа шыққан кезде еркек өзінің қасынан "әйел" көрмейді. Бұл жерде бірдеңе дәлелдеп жатқан, онымен жауласып жатқан адамды көреді. Сол себепті еркектер әйел адамды іздейді. Әйел энергиясы бар, ішіндегі әйелдікті жақсы көретін, әйел болғанына бақытты әйелді іздейді. Мұндай әйелдің қасында ер адамның нағыз еркектік қасиеттері оянады. Ер адам мұндай әйелді қуантуға, қалауын орындауға тырысады. Еркектердің қалыптасқан мінез-құлқы - әйелдің қалауын қанағаттандыру. Еркектер өздігінен байлыққа және басқа да нәрселерге ұмтылмайды. Оларға мұның бәрі аса қажет емес. Бірақ оны әйел қаласа, ер адам "тау қопарады". Ал егер ер адам жанынан "әйелді" көрмесе, ол оны сырттан іздей бастайды", - дейді психолог.
"Әйел өзін қабылдамағандықтан, ол жыныстық қатынаста еркін ашыла алмайды. Сондықтан ол күйеуіне қызық емес. Мұндай әйел жыныстық қатынастан ләззат ала алмайды. Ер адам өзінің әйелін қанағаттандыра алмайтынын түсінгендіктен, оның өзін-өзі бағалауы түсіп кетеді", - дейді маман.
Маман әйелдерді өзін-өзі бағалауға шақырды.
"Кей әйелдердің өзін-өзі бағаламайтыны соншалық, күйеуі оны ұрып, үйден шығарып жіберсе де көне береді. Үйден кетіп қалып, кейін қайтадан ештеңе болмағандай қайтып келеді. Мұндай әйелдердің миында еркектің осындай болуы қалыпты деген ой қалыптасқан. Сондықтан еркек "осының бәріне шыдап жүрген ол мен екінші әйел әкелсем де, көнеді" деп санайды. Ақша ер адамға екінші әйел алуға мүмкіндік береді", - дейді Аяулым Өмірғалиқызы.
Психолог неліктен кей әйелдер өзінің "әйелдігін" қабылдамайтынын түсіндірді.
"Мысалы, кей қыздар кішкентай кезінен анасының қиналып өмір сүргенін көріп өседі. Баланың миы "әйел болу - қиын" деп сақтап қалады. Кішкентай қызда "мен әйел болғым келмейді" деген ниет қалыптасады. Ол өзінің мейірімділігін, сұлулығын, нәзіктігін, керемет жаратылыс екенін сезінбейді", - дейді ол.
Маман сондай-ақ өз күйеуіне "ана" болып алатын әйелдер де бар екенін айтты.
"Ал кей әйелдер күйеуіне ана болып алады. Ол не істеп келсе де кешіреді, оны өзінің қамқорлығына алады, қарызын жауып береді, еркектің міндеттерін өз мойнына алады. Мұндай әйелдің қасындағы ер адам басқа әйелге барғысы келіп тұрады", - деп қорытындылады Аяулым Өмірғалиқызы.
Еске салайық, блогер, коуч Роза Әшірбаева ер адам қазіргі қарым-қатынастағы проблемаларды шеше алмаған кезде екінші әйел алу туралы ойлайды деген пікір айтқан болатын.
А. Жапатова