Қазақ халқының ұмыт қалған салт-дәстүрлері қандай? Этнограф жауап берді

Қазақ ежелден салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа бай халық. Өкінішке қарай қазір олардың көбі ұмыт қалған. Этнограф Досымбек Қатран Massaget.kz тілшісіне қолданыстан шыққан салт-дәстүрдің бірнешеуін тізіп, мағынасын түсіндіріп берді.

Этнограф әңгімесін Қазақстан Кеңес Одағы құрамына кіргеннен кейін салт-дәстүрдің қалай өзгергенінен бастады.

"Кенесары хан орыстануға түбегейлі қарсы болған, ол халқым орыс болып кетпесін деп алдын алу үшін бірқатар шара қолданған.  

Ең соңғы көрген фильміміз "Оян, қазақ. Міржақып"-ты айтсақ, Міржақып үйленгенде оның қалыңдығына орыстың "фатасын" кигізіп, неке жүзігін тағып қойған. Бұл олар орысша үйленіп тұр деген сөз. Сонымен қатар, бесіктен белі шықпай жатып, кішкентайлар төрге шығып алады, бұрын келіндер дауысын шығармай күлуші еді, ал қазір айғайлап күле береді. Бұл деген сый-құрметтің жоғын білдіреді, орыстану деген осы", - дейді этнограф.

Досымбек Қатран ежелгі қазақ халқында үйлену тойдың қалай өткізілгенін айтып берді. 

"Үйлену той деген ұғымның өзі орыстан шыққан, бұрын қазақтың салт-дәстүрінде үйлену той деген болмаған. Бұрын қалай үйленген? Қызды ұзатып үйінен шығарады, 3-4 күнге созылатын үлкен шара өткізілетін еді. Кететін күні барлық шара аяқталған кезде молданы шақырып, некесін қиғызып жіберетін болған. Өйткені, үйінен шыққан қыз, басқа ауылға барғанда қалыңдық емес, келін атанады. Сол кезде оның некесі қиылған болуы керек. Міне осы салт-дәстүр қазір ұмыт қалған.

Келін келгеннен кейін оны үйге шымылдықпен әкеліп, кіргізеді. Бетін ашады. Ақсарыбас сойып, бүкіл ағайын-туысын шақырып той істейді. Қазіргілер сияқты 500-600 адам шақырмайды, сол ауыл-аймақ, көрші, туыс қана болады. Қазақта неке жүзігі деген болмаған", - деп түсіндірді ол.

Ұмыт қалған салт-дәстүрлер

Маманның айтуынша, қазір қолданыстан шыққан, аталмай кеткен салт-дәстүр өте көп.

"Біз XIX-XX ғасырдан бастап отырықшыланған халықпыз. Осыған байланысты көп әдет, салт-дәстүр ұмыт қалды, бірақ олар маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Ең қызығы салт-дәстүр Қазақстанның барлық өңірінде бірдей. Қазақ жеріне келген шет ел ақын-жазушыларының барлығы "Батыс пен Шығыстың немесе Солтүстік пен Оңтүстіктің қазағының ешқандай айырмашылығы жоқ" деген. Аймақтардың әдет-ғұрыпы бірін-бірі қайталайды", - деді Досымбек Қатран.

Көтендестіру

Салт бойынша балалары қырқынан шыққанша, бір уақытта босанған екі әйелге бір-бірімен араласуға, көрісуге болмайды. Осылайша жұқпалы ауруларды жұқтырудың алдын алған екен. Сондықтан 40 күннен кейін екі әйелді қонаққа шақырған үй иесі бірінші келгенін кереге жаққа қаратып отырғызады. Екінші келгенді бірінші әйелмен арқасын тірей отырғызады. Үй иесінің белгісімен екі әйел сол қолымен әкелген қонақ кәдесін сол аяғының астынан өткізіп, оң қолымен иық тіресіп отырған әйелге берген. Осылайша қайта қауышып, еркін араласатын болған. Ал сол салтты үйінде өткізген әйелге сыйлығын берген.

Мойын тастар

"Түтіні түзу шықсын" деген ырыммен той өткеннен кейін күйеу балаға өзі мүжіген мойын омыртқаны шаңырақтан лақтырту салты (дəстүрі).

Жібек орамалды "мойынтастар" кәдесі ретінде күйеуге мойын омыртқа ұсынған әйел алады.

"Қазір Еуропаға еліктеп, қалыңдық тойда құрбыларына тойда ұстаған гүлін лақтырып жатады. Осыған ұқсас салт-дәстүр мойын тастар да қыз ұзату кезінде киіз үйде болған. Қалың мал алудың мақсаты сату емес қой, қанша мөлшерде қалың мал алса, қыздың ата-анасы сонша жасау апарады. Сол жасаудың біреуі киіз үй. Келін түскеннен кейін бірнеше күн той болады, сол кезде барған соң үй, шаңырақ тігіледі. Түтін түтетті, өз бауырына қазан басты деген ұғымды білдіреді. Міне осы үшін шаңырақтан қымбат, әдемі матаға оралған мүжілген мойын омыртқаны үй иесі түбіне қарамай, желкесінен басып шаңырақтан лақтырып шығару керек. Оны сыртта жүрген жас қыз-жігіттер қағып алады. Мойынды бүтін мүжу керек, жармау керек. Дәл осы нәрсе қыздың үйінде болады. Оның мәні - осы шаңырақ майлы, бай, бақуатты болсын, түтіні тік ұшсын деген ұғым", - деп түсіндірді этнограф.

Шам жағу

Қайтыс болған адамды жатқызып оңашалаған үйге қырық күнге дейін шам жағып қояды. Оның бірінші себебі, мәйіт тұрған орынды тазарту, екіншісі, сол жерде артында қалған ұрпағының сақтану шарасы. 

Ақты абайсызда төгіп алса..

Қазақ танымында ақ өнімдері, яғни ағарған жақсылықтың нышаны, пәктіктің, тазалықтың символы ретінде қалыптасқан. Сондықтан ағарғанға қатысты ырымдар өте көп. Мысалы, байқаусызда ақты төгіп алса, саусағын батырып, маңдайына жағу ырымын жасаған. Ол мен әдейі төкпедім дегенді білдіреді. Кейін аяққа басылмас үшін жақсылап тазалап, сүртіп алатын болған. Ақты аяқасты ысырап етпеген. 

Сыралғы

Қазақта аң аулау - үлкен мереке болған. Бірақ аң аулаудың қанша қызығына түскенмен, ерекше белгілері байқалған аңдарды атпаған. Әсіресе, мола басына жақын жерде жүрген жан-жануарларға тиіспеген. Өйткені әр аңның киесінен қорыққан. Ал қанжығаларын майлап, аң аулаудан қайтқан аңшы өзіне "Майлансын" деп айтқан адамға ойланбастан атып алған аңын сыйға тартқан. Аңшының сыйын "сыралғы" деп атаған. Ал қақпанға түскен аңды алу ұрлыққа жатпаған. Бірақ орнына бір зат қалдырып кету керек екен.

Айта кетейік, бұған дейін балаға қатысты салт-дәстүрлер тізімі хабарланаған еді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Көз неге қарауытып кетеді?

 Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!