Алматыда Құрбан айт кезінде құрбан шалатын алаңдарда санитария-эпидемиологиялық бақылау күшейтілмек. Қала тұрғындары талаптарды қатаң сақтап, ресми белгіленген орында ғана құрбан шалуға тиіс. Бұл туралы ӨКҚ-да Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Қаткенова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Құрбан айт күндері департамент мамандары арнаулы алаңдарда кезекшілік атқармақ. Осылайша санитария талаптары сақталуы, аумақ тазалығы, қалдық уақтылы шығарылуы бақыланбақ.
Гаухар Қаткенова тұрғын үйлердің аулаларында, қоғамдық орындарда, көше мен рұқсат етілмеген басқа да аумақта мал сою қоршаған ортаны ластап, жұқпалы аурулар тарауына әкеп соғуы мүмкін екенін айтты.
Талап бойынша мал соятын жерде қалдыққа арналған контейнер, ет сақтайтын тоңазытқыш, су жүйесі, өңдейтін және мал терісін сақтайтын орын болуға тиіс. Сонымен қатар, қасапшылар қолғап киіп, бетперде тағып, алжапқышпен, резеңке етікпен қамтамасыз етілуге тиіс.
Департамент өкілінің айтуынша, талаптар сақталмаған жағдайда қауіпті жұқпалы аурулар мен паразит жұқтыру қаупі артады. Соның ішінде бруцеллез, сібір жарасы, эхинококкоз, пастереллез бен адамға ауру малдан зооноз инфекциялар жұғуы мүмкін екені де айтылды. Маман қала тұрғындарын тазалық сақтап, арнайы белгіленген жерде ғана құрбандық шалуға шақырды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) күнтізбесіне сәйкес 2026 жылы Құрбан айт 27-29 мамыр аралығында өтеді. Құрбан айттың алғашқы күні - 27 мамыр, бұл күн - Қазақстанда ресми демалыс күні.
Құрбан айт - Исламдағы басты мерекелердің бірі. Ол Рамазан айы аяқталғаннан кейін 70 күннен соң атап өтіледі. Мереке таңғы айт намазынан басталып, кейін құрбандық шалынады. Ет отбасы мүшелеріне, көршілерге, достарға және көмекке мұқтаж жандарға таратылады.
Тағы да оқи отырыңыз: Құрбан айт - 2026: еліміз бойынша айт намазының кестесі жарияланды
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!