Қанттан бір айға бас тартсаңыз, ағзада қандай өзгерістер болады?

Дәрігерлер тәттіге деген құмарлықты есірткіге тәуелділікпен салыстырады: қанттан бас тартқаннан кейін алғашқы күндері адамның тіпті денесі сына бастайды. Рационнан қантты алып тастаудың қандай артықшылықтары бар және одан қалай бас тартуға болады? Бұл сұрақтарға дәрігер Любовь Станкевич жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Doctorpiter"-ге сілтеме жасап.

"Алдымен мынаны түсіну керек: қанттан толықтай бас тарту мүмкін емес, себебі ол табиғи немесе қосылған түрде көптеген өнімде болады: тұздықтар, кей ет өнімдері, жемістер және сүт. Ол сахароза, фруктоза, глюкоза және лактоза түрінде есепке алынады, - дейді Любовь Станкевич. – Бұл барлық дәмді тамақтан бас тарту керек деген сөз емес".

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, қант мөлшері күнделікті тұтынатын калорияның жалпы мөлшерінің 10%-ынан аз болуы керек. Бұл шамамен күніне 50 гр таза қант.

"Бірақ бұл норманы 5%-ға немесе күніне 25 гр таза қантқа дейін азайтқан дұрыс. Бұл денсаулық үшін қосымша артықшылықтар береді" - дейді дәрігер.

Қанттың ағзаға зияны

Артық салмақ және диабет қаупі

"Қант – жылдам көмірсулар. Оны тұтынуды бақылау қиын болғандықтан, тәттіні көп жеп қою оңай, - дейді дәрігер. – Артық тамақтанудың айқын салдары – артық салмаққа айналатын артық калория. Ал ол денсаулыққа қатысты көптеген проблемаға, соның ішінде қант диабетіне әкеледі".

Асқорыту проблемалары

"Жылдам көмірсулардың көп мөлшері ішектер жағдайына әсер етеді, - дейді Любовь Станкевич. – Ішектің шырышты қабықшасы зақымдалады және оның микрофлорасы бұзылады. Ал бұл жүйенің жұмысы көп нәрсеге, соның ішінде ағзаның тамақтан маңызды дәрумендерді, минералдарды және микроэлементтерді сіңіру қабілетіне әсер етеді".

Безеу және әжім

Қант теріге өте зиян.

"Тәттіні көп жеу қабыну процестерін іске қосады, ал ол безеу шығуын ынталандырады", - дейді дәрігер.

Оған қоса, қант тері майының көп бөлінуіне әкеледі және коллаген мен эластин талшықтарын бұзады.

"Бір қызығы, сыртқы қолданыста тәтті өнімдер тері жағдайын жақсартады. Сондықтан көптеген косметолог қант жеуді азайтып, бірақ тәттіні маска ретінде қолдануды ұсынады", - дейді Любовь Станкевич.

Тісжегі

Қант  тістерді құртатын бактериялардың дамуына арналған қолайлы орта жасайды. Сондықтан қанттан бас тарту тісжегінің пайда болу қаупін азайтады және оның дамуын баяулатады.

Артық салмақ психологы Лиана Валеева адам қанттан бас тартса, ағзада қандай өзгерістер болатынын айтты.

Қанттан бір айға бас тартсаңыз не болады?

  • Бір айда теріңіздің түсі және текстурасы жақсарады;
  • Тісіңіз сау бола түсуі мүмкін;
  • Көңіл күйіңіз жақсарады;
  • Асқорыту жақсарады;
  • Энергия артады, себебі ағза энергия көзі ретінде майларды қолдана бастайды.

Қанттан бір жылға бас тартсаңыз не болады?

  • Тері жағдайы жақсарады және әжім азаяды;
  • Тіс сау болып қалады;
  • Көңіл күйіңіз тұрақталады;
  • Асқорыту жақсы жұмыс істейтін болады;
  • Энергия жоғары деңгейде сақталады.

Лиана Валееваның айтуынша, қанттан бас тарту дұрыс салмақты сақтауға, ағза жүйелері мен органдарының жұмыстарын жақсартуға және қауіпті аурулардың пайда болу қаупін азайтуға көмектеседі.

Оқи отырыңыз: Бір апта ет жемесе не болады?