- Негізгі бет
- LifeStyle
- Жапқан салатыңыз "атылып"...
Жапқан салатыңыз "атылып" кетпес үшін не істеу керек? 5 ереже
"Қыстың қамын жазда ойла" деп көпшілік жаздың соңында және күздің басында түрлі салаттар жауып бастайды. Осылайша, ас үй ханшайымдары отбасысын және қонақтарын қыста да дәруменді тағаммен қуантады. Алайда кейде жапқан салаттар "атылып" кетіп жатады. Сондықтан салат жабудың негізгі 5 ережесін ұсынамыз.
1. Құтыларды жақсылап зарарсыздандырыңыз. Алдымен оларды сода немесе қыша ұнтағымен жуып, содан кейін патогендік микрофлораны жою үшін жақсылап қыздыру керек. Қалай қыздыратыныңыз маңызды емес: буға, пешке, микротолқынды пешке. Қандай жолмен болса да, құтылар жақсылап қызуы керек. Дайын көкөністерді ыстық құтыларға салу керек.
2. Тек жаңа піскен көкөністерді қолданыңыз. Шіріген немесе езіліп жатқан көкөністер консервілеуге жарамайды. Сондықтан салат жабуға жақсы көкөністерді таңдаңыз.
3. Көкөністерді турайтын пышаққа мән беріңіз. Көкөністерді турау үшін тот баспайтын болаттан жасалған пышақты қолданыңыз, өйткені темірмен жанасқан кезде көкөністердің құрамындағы "С" дәрумені бұзылады. Көкөністерді қайнатқан кезде езіліп кетпес үшін оларды ірі етіп тураған дұрыс.
4. Аршылған және туралған көкөністерді бірден отқа қоюға тырысыңыз. Туралған көкөністеріңіз біраз уақыт тұрып қалмауы керек. Көкөністерді шарпылау (бланширование) үшін оларды бірден қайнаған суға салыңыз. Дәмдік қоспаларды (сірке суы, тұз және қант) термиялық өңдеудің соңында біртіндеп, аз-аздап қосып, дәмін көріңіз. Дайын салатты құтыларға салғаннан кейін оларды ұзақ зарарсыздандырмаңыз, себебі көкөністер езіліп кетуі мүмкін.
5. Ыстық құтылар біртіндеп суу керек. Зарарсыздандырғаннан кейін және тығындаудан кейін құтылардың қақпағын төмен қаратып қойып, көрпемен ораңыз және толықтай суығанша солай тұрсын. Ыстық құтыларды суық цемент еденге немесе плиткаға қоюға болмайды. Оларды бір күннен кейін ғана аударыңыз. Құтыларды жылыту құрылғыларының жанында сақтауға болмайды.
Қысқа арналған салат рецептілерін мына жерден көре аласыз.
А. Жапатова