- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Финишке таянып қалды,...
"Финишке таянып қалды, толықтай айығып сауығатын түрім жоқ". Жүрсін Ерман қазіргі жағдайы туралы айтты
Ақын Жүрсін Ерман "Таңшолпан" бағдарламасында қазіргі денсаулығы, хәл-жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, әлі күнге емделіп жатса да нәтиже болмай жатыр екен.
"Ем домды көп алдым. Бірақ әлі де шықпай жатыр. Қант диабеті деген бәлеге ұрынып қалдым. Бір жылдан асып кетті. Осы Алматыда, Астанада көп емделдім. Швейцарияға барып емделдім. Нақты нәтиже болмай тұр", - дейді ол.
Сондай-ақ, Жүрсін Ерман жақында марқұм болған досының қазасы жанына батқанын жеткізді.
"Жетпістің үстіне шығып кеттім. Сырқат, ауру ауыр болып тұр. Әрнәрсе ойланасың. Финишке таянып қалды. Әсіресе, мәңгілік досым бар еді Несіпбек Айтұлы деген. Жақында дүние салды ғой. Соның қазасы да жаныма батты. Алдында ғана менің көңілімді сұрайын деп келіп кеткен. Барғаннан кейін үш күннен кейін құлап, инсульт деген пәледен оңалмады", - дейді Жүрсін Ерман.
Ақын кейінгі кезде қолға қалам алудан да қалғанын айтады.
"Бұрын көп жаздым, қазір жазуды да қойып тұрмын. Өйткені жазуға да көңіл күй керек. Сау адамның көңіл күйі керек. Ол болмағаннан кейін жағдай қиын. Осы үйде отырамын. ...Толықтай айығып сауығатын түрім жоқ. Екі аяғымды да кішкене шырпыды. Аяғымды тең басып жүре алмайтын болып қалдым. Осыған да қанағат деп отырмыз. Алла саушылығын берсе, 4-5 жыл Отанымның ортасында жүре тұрсам дейді. Ойларымды айта тұрсам деймін, істейтін шаруаларымды тындыра тұрсам деймін. Енді оны Алла біледі", - дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін Жүрсін Ерман "Отан" орденімен марапатталғаны хабарланған еді. Кейінірек Төреғали Төреәлі Жүрсін Ерманды "Отан" орденіне емес, "Халық қаhарманы" атағына лайық көрді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова