"Атақ сыйлап, Ат сыйлап, құрметтейтін, Қайдасыңдар депутат, әкім қауым?" Жүрсін Ерман "Отан" орденімен марапатталды

Фото: Видео кадры

Желіде Жүрсін Ерманның ауруханада марапат алып жатқан видеосы тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл видео ақын, сазгер Олжас Отардың Facebook-парақшасында пайда болды. 

"Мемлекеттік марапатыңыз құтты болсын! Тілеген дұға-тілектерді Алла Тағала қабыл етсін! Жамбыл атамыздың рекордын жаңғыртуды нәсіп етсін! Алла шипасын берсін!  Алла абырой берсін!

Бағыңның қалар болсаң ашылғанын,
Өз халқыңның құрметте асылдарын.
Қонаев, Тәшенов пен Шоналарың,
Тұлға ғой бір туатын ғасырда мың.
Ұмытайық қалайша, ұлтын ойлап
Талай таңды ұйқысыз атырғанын.
Бекер жүрек төріңе орныққан жоқ,
Мұқағали, Төлеген, Қасымдарың.
Шер ағамыз шешіліп шерін төксе,
Ақиқатты көрмеппін жасырғанын.
Әзімбек, Ерік пенен Оразалы,
Жарқ етіп ерте сөнген жасындарың.
Бұл айтыс Ана тілдің қамқоршысы,
Көрермен қысқан талай тақымдарын.
Қырық жыл осы көшті өрге сүйреп,
Келеді Жүрсін деген ақылманым.
Көрермендер дәл бүгін біле ме екен,
100 жылдық мерейтойда отырғанын?
30-ы тәуелсіздік тойы болса,
70-те Жүрсін Ерман ақындарың.
Атақ сыйлап, Ат сыйлап, құрметтейтін,
Қайдасыңдар депутат, әкім қауым?
Жетпісінде 70-тік көлік мінгіз,
Еңбек Ері атын бер, шақыр бәрің.
Ел атынан сөйледім дәл осылай,
Білгеннен соң айтуға хақым барын.
Ағайын, қолдасаңдар қол соғыңдар,
Естіртіп шапалақтың сатырларын!" - деп жазған ол. 

Еске салайық, Республика күні қарсаңында ақын Жүрсін Молдашұлы Ерман Мемлекет басшысының Жарлығымен "Отан" орденімен марапталған еді. 

Бұған дейін танымал ақын Жүрсін Ерман жансақтау бөліміне түскені хабарланған болатын. Ал кейін дәрігерлер Жүрсін Ерманның денсаулығына қатысты пікір білдірген еді. 

Кейінірек шетелде ем алып жатқан Жүрсін Ерман Алматыдағы айтыстардың бірінде көзге түсті.

Жүрсін Ерман - ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның "Жанартау", "Арайлы күн, армысың!", "Ұлытауға бардың ба...", "Құдіретке жүгіну", "Екі тізгін, бір шылбыр", "Құстың көлеңкесі", "Ырғай", "Арнадым сізге", "Көктөбедегі кездесулер", "Алыстан және жақыннан", "Гөй-гөй" атты кітаптары бар.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек