Заманауи әлемде өз денесіне күтім жасау көптеген әйел өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатыр. Алайда біз әдетте сыртқы сұлулыққа аса мән береміз де, ішкі саулығымыз жайлы ұмытамыз. Интимдік гимнастиканың әйелдер үшін пайдасы қандай? Ол қандай проблемаларды шешуге көмектеседі және оны кімдерге жасауға болмайды? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне сексолог Айнұр Жұмамұратқызы жауап берді.
Әйелдің сырт келбетіне, терісінің жастығына және ағзаның жалпы хал-жағдайына көптеген факторлар әсер етеді: генетика, өзіне күтім жасау, климат және өмір салты. Сондай-ақ әйел сұлулығына гормондар тепе-теңдігі және органдардың дұрыс орналасуы, бұлшықеттер тонусы, сапалы жыныстық қатынас та әсер етеді. Бұл нәрселерді кешенді әдіспен ғана қамтамасыз етуге болады: үйде өзіне күтім жасау, жүйелі түрде дәрігерге қаралу, физикалық белсенді болу, ойларыңызды ретке келтіру және дұрыс тамақтану.
Интимдік бұлшықеттер – әйел денсаулығының негізі және оларды қатайту бүкіл ағза тонусын жақсартуға ықпал етеді. Бұлшықеттерді жаттықтыру арқылы біз интимдік аймақтағы қанайналымды жақсартамыз және барлық ішкі органдарды оттекпен қамтамасыз етеміз. Бұл бүкіл ағзадағы тіндердің қызметінің жақсаруына әкеледі.
"Интимдік жаттығулар әйел адамның жамбасын тонуста ұстап тұрады, қанайналымы күшті болады, сол кезде жамбаста қан қоюланып кетпейді. Интимдік гимнастиканы жүйелі түрде жасау арқылы көптеген аурудың және гинекологиялық диагноздардың алдын алуға болады. Сондай-ақ ол гормонды фонға әсерін тигізеді. Ол - босанғаннан кейін қалыпқа келудің жалғыз табиғи әдісі. Интимдік гимнастика - әйел денсаулығын реттеп тұруға көмектесетін жаттығулар жүйесі", - деді сексолог.
Интимдік аймақтағы қарқынды қозғалыстар әйел гормондары – эстрогендердің бөлінуін ынталандырады. Бұл гормонның әйел денсаулығы мен сұлулығы үшін маңызы зор.
Интимдік гимнастика жыныстық қатынасқа да жағымды әсер етеді. Себебі ол интимдік бұлшықеттердің сезімталдығын арттырады.
Сондай-ақ көпшілік гинеколог жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге интимдік жаттығуларды жасауға кеңес береді. Себебі қатайған бұлшықеттер жүктіліктің жеңіл өтуіне, жеңіл босануға және бала туғаннан кейін жылдам қалыпқа келуге көмектеседі.
"Интимдік гимнастиканы күнде жасау керек, ең болмағанда аптасына 3 рет жасаған жөн. Мысалы, дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері фитнеске барсаңыз, тура солай интимдік гимнастиканы да аптасына аз дегенде 3 рет жасағаңыз. Егер интимдік гимнастиканы күнде жасайтын болсаңыз, 2-3 аптаның өзінде жақсы нәтиже байқайсыз", - деп кеңес берді маман.
Интимдік гимнастика кімдерге керек?
Маман интимдік гимнастиканы 18 жастан асқан барлық қыз-келіншекке жасауға кеңес берді.
"Интимдік гимнастиканы жыныстық қатынасқа түспеген, күйеуге шықпаған қыздарға да жасауға болады, бірақ олар вагиналды тренажер қолданбайды. Жалпы оны 18 жастан асқан қыз-келіншектерге жасауға болады. Тіпті, қажет десем артық болмайды. Қыз балалардың да, студенттердің де іш қату, артық салмақ, гормонды жаңылыс, етеккірдің дұрыс келмеуі секілді көптеген проблемалары болады. Интимдік гимнастика солардың бәріне көмектесе алады", - деді Айнұр Жұмамұратқызы.
Интимдік гимнастиканың түрі мен әдістері көп. Олардың кез келгені сіздің ағзаңызға немесе проблемаңызды шешуге келе бермейді. Сондықтан алдымен гинеколог маманының тексерісінен өтіп, содан соң ғана жаттығуларды кәсіби жаттықтырушымен бірге таңдаған дұрыс.
Оқи отырыңыз: "Вакуум" жаттығуы шынымен ішті кетіре ме? Маман жауап берді