Қазақстанда электрсамокаттардың жылдамдығына шектеу қою ұсынылды

Қазақстанда электрсамокаттардың жылдамдығына шектеу қою ұсынылды

Қазақстанда электрсамокаттардың жылдамдығына шектеу қою ұсынылды, - деп хабарлайды Massaget.kz сайты.

"Доңғалақты көлік құралдары және ауыл шаруашылығы машиналары" стандарттау жөніндегі №87 техникалық комитеттің төрағасы Ербол Сейпілов бұл ереже Үкіметтің тапсырмасы бойынша ішкі істер министрлігінің бастамасымен (ІІМ) басталғанын айтты.

"Бұл ереже электрсамокатты велосипед, мопед немесе мотоцикл деп санайтындар арасында өте үлкен пікірталас тудырды. Осы стандарттарды әзірлеудің негізгі себебі - жіктеу. Қабылданатын ережеде самокаттың жоғары жылдамдығы сағатына 25 шақырым болады деп бекітеміз", - деді Сейпілов.

Сонымен, сарапшының айтуынша, барлық электрсамокат шағылыстырғыштармен жабдықталып, жарықтандыру құрылғылары болуы міндетті. Қазақстанға әкелінетін барлық құрылғы техникалық қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұраталиев биыл Қазақстанда электросамокаттардың қатысуымен 41 жол апаты болғанын айтты. 

Аталған ереже нормативтік құжаттар мен заңнамадағы одан әрі реттеуді ескере отырып әзірленіп жатыр.

"Негізгі талаптарды заңнамаға тиісті өзгертулер енгізгеннен кейін көреміз. Толық заң жобасы шамамен қыркүйек айында дайын болады", - деп қосты Ербол Сейпілов.

Ұсынылған техникалық талаптардың бірнеше тармақтары:

- Электросамокаттың ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы тиіс;

- Электрсамокат қосымша жолаушыларды тасымалдауға, басқа көлік құралдарын (оның ішінде электр самокаттарын, тіркемелерді, жартылай тіркемелерді) және жүктерді сүйремеуі тиіс;

- 90 келі салмақтық жүктеме кезінде электрсамокаттағы шиналардың өлшемдері:
а) алдыңғы және артқы жеке дөңгелектері бар электр самокаттары үшін:

- алдыңғы шинаның диаметрі - 125 миллиметрден кем емес;

- алдыңғы шинаның ені - 25 миллиметрден кем емес;

- артқы шинаның ені кемінде 25 миллиметр.
в) өзге де электр самокаттары үшін:

- шиналардың диаметрі - 125 миллиметрден кем емес немесе шиналардың ені - 25 миллиметрден кем емес.

Электрсамокатта жылдамдық сағатына 6 шақырымды аспайтын жаяу жүргіншілер режимі болуы тиіс. 

Г. Досымшалова