The New York Times жылдың үздік 10 кітабын жариялады

The New York Times басылымы жыл сайын жылдың үздік 10 кітабын жариялап отырады. Былтырғы ТОР-10-дық тақырыбы, негізінен, әйелдер тақырыбына арналған болса, биылғы үздіктердің дені нәсілдік теңсіздікке арналғандай.

How Beautiful We Were

"Біз не деген әдемі едік?"

Имболо Мбуе

Роман желісі ойдан шығарылған африкалық Косава ауылы туралы. 1980 жылы сол ауылға америкалық мұнай компаниясы жергілікті халықпен кездесуге келеді, ондағы мақсат нашар экологиядан, уланған судан, улы түтіннен зардап шеккен балаларды көру. Үкіметтің он жылға созылған жалған уәдесі мен жемқорлығы туралы күн өткен сайын әшкереленіп келеді. Автор сол оқиғаларды, зерттеуді ауылдың кәрісі мен жастарының көзімен көрсетеді.

Intimacies

"Интимді қарым-қатынас"

Кэти Китамура

Әлеуметтік мәселені түрлі призма арқылы көру және оны шешу, колониализм мен феминизмнің қайта жаңаруы сот аудармашысының тағдырында өріліп жатады. Әскери қылмыскерлердің оқиғасы, сүйгенімен қосылуы не қосылмауы, өмірде болған кез келген жайттың бекер емесін және оны адамзаттың өте кеш түсінетінін осы романда автор әдемі жеткізбек.

The Love Songs of W.E.B. Du Bois

 "W.E.B. Du Bois махаббат әні"

Оноре Фанон Джефферс

Автор, негізінен, ақын. Бұл – оның алғашқы романы. Есею кезеңдерін, нәсілдік зерттеуді, Америка тарихын қазбалау туралы жазылған. ХХ ғасырдың соңында дүниеге келген Эйли Перл Гарфилд есімді қара нәсілді қыздың баяндауымен өрбитін романда оның ата-бабасының "үні", тағдыры, байырғы америкалықтар мен құлдыққа салынған афроамерикалықтар тартысында құрылған Құрама Штаттардың тарихы айтылады. "Махаббат туралы әнде" қара нәсілділердің өмір портреті, өткеннің салдары бүгінде қылаң беретіні көрінеді. 

No One Is Talking About This

"Ешкім бұл туралы айтпайды"

Патрисия Локвуд

Интернетте ақын болып танылған автордың алғашқы романы да өлең секілді оқылады. Қуаныш пен өмірден баз кешу, желіде тәлдескен жан мен тәннің бір-біріне байлануы, пәлсапа мен жеңілтектіктің ұштасуы осы романнан көрінеді.

When We Cease to Understand the World

"Біз әлемді түсінуді доғарғанда"

Бенджамин Лабатут

Автор шабыт пен жанталасты ғылыми тұрғыда зерттеу үшін ХХ ғасырлық ойшылдардың тарихын ұтымды біріктіреді. Сол зерттеулердің қоғамға тигізген пайдасы мен сол жолда құрбан болғандарды да көрсетеді. Ілімінң ең шеткі нүктесіне дейін сапарында математик Александр Гротендик, физик Вернер Гейзенберг, химик Фриц Габермен тілдесіп, ғаламның түгесілмес потенциалын ұғуға тырысады. 

The Copenhagen Trilogy: Childhood; Youth; Dependency

"Копенгаген трилогиясы: Балалық; Жастық; Ересек шақ"

Туве Дитлевсен

Дитлевсеннің Данияда 1960 және 1970 жылдары жарық көрген мемуарларының бір томда жинақталған нұсқасы. Қиын балалық шақ, мансап жолы, қатыгез құмарлық, өнер мен өмірдің біртұтас күйге енуі суреттеледі. 14 жасынан қара жұмыс істеп, 20 жасында белгілі ақынға айналған. Бірақ екі сәтсіз некеден кейін есінен адасқан дәрігермен бас қосуы 30 жасында-ақ ауру сездірмейтін дәріге тәуелді болған. 

How the Word Is Passed: A Reckoning With the History of Slavery Across America

"Сөздер қалай жеткізіледі: Америкадағы құлдық тарихтың қайтарымы"

Клинт Смит

Ақын әрі журналист Смит құл иелену тарихы мен оның қазіргі жай-күйі туралы сайттардың барлығын ақтарып, Монтичелло Томас Джефферсон еңбектерін, Ангола, Луизиана штатындағы түрме, конфедераттар зиратын зерттеген. Жолында кездескен турист, гид, белсенді, жергілікті тарихшылармен осы тақырыпта сұқбат жүргізген. Өткен мен бүгінді бетпе-бет қойып сөйлеткендей.

Invisible Child: Poverty, Survival and Hope in an American City

"Көрінбейтін балақай: кедейшілік және америкалық қаладағы сенім"

Андреа Эллиотт

Дасани Коутс есімді нью-йорктік оқушы қыз бен оның отбасы туралы шығарма. Бұл отбасы 2013 жылдан бері америкалық қоғамның назарында. Себебі жоқтық, жұмыссыздық құрбаны болған баланың тағдырын автор іздеп, зерттеп, бақылап жүрген. Сол жоқтықпен күресте Дасанидің болмыс бітімі қалыптасты ма? Күресте жеңді ме?

On Juneteenth

"16 шілде"

Аннет Гордон-Рид

Техастағы нәсілдік және әлеуметтік қиындық туралы мемуар. Автордың өзі өсіп-өнген өлкенің өткені мен ертеңі қандай екенін көрсетеді. Шығыс Техастағы мектептегі алғашқы қара нәсілді оқушы болған автор өзінің басынан өткен нәсілдік бөліп жару қиындығын көргенін, іштей қалай күрескенін айтады.

Red Comet: The Short Life and Blazing Art of Sylvia Plath

"Қызыл комета: қысқа өмір мен Сильвия Платтың жарқын өнері"

Хизер Кларк

1963 жылы 30 жасында өз-өзіне қол жұмсаған, жарқын өнердің иесі Сильвия Платтың ғалымдар зерттеген өлімі туралы жазылған биографиялық шығарма. Англияның поэзия профессоры Кларк сирек кездесетін әдеби таланттың жарқын өмірі, оған кедергісі мен кесірі тиген отбасы, интеллектуалдық ортасы туралы Сильвия Платтың өлең жолдарымен қоса өрнектеліп берілген.