- Негізгі бет
- Жаңалық
- «Ән қанатындағы жыр»...
«Ән қанатындағы жыр» мүшәйрасының бас жүлдесін алған өлең
Жақында Талдықорған қаласында қазақтың жезтаңдай әншісі, Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышұлының 90 жылдық мерейтойына орай «Ән қанатындағы жыр» атты республикалық жазба ақындар байқауы өтті.
Жыр додасында жеңімпаз атанып, бас жүлдені қанжығасына байлаған талантты ақын Ерлан Жүністің туындысын назарларыңызға ұсынамыз.
Байқау шарты бойынша ақындардың Дәнеш Рақышұлына арнаған өлеңі және Д. Рақышев орындаған әндерге арналған өлең сарапқа салынды.
ДӘНЕШ-ҒҰМЫР
1. Құс қанаты
Білмеймін, қоңыр күз бе, қыс па, көктем,
Қай бір жыл – қайта оралмас тұсқа кеткен,
Шашылып қауырсыны қанатынан,
Талдының төбесінен құстар өткен.
Құс өткен Талды аспанын тамылжытып,
Аңсатып, зарықтырып, абыржытып,
Заманның сол бір кезең – тұрған сәті,
От бүркіп, мұзды шайнап, жалын жұтып.
Сұрынан ел шошынған, жұрт ығысқан,
Шығысқа ығысқан жұрт ұмтылысқан,
Құс емес, сол қазақтың әні екен ғой,
Қонатын жан таба алмай үркіп ұшқан.
Ән екен – құс қанаты қайырылған,
Салы мен серісінен айырылған,
Секілді домбыраның шегі үзілген,
Секілді алмас қылыш майырылған.
Ән екен құстай болып қаңқылдаған,
Даланың мұңын айтып саңқылдаған,
Жас бала сол құстардан көз алмайды,
Жанары атқан таңдай жарқылдаған.
Қиқулап Жетісудың даласына,
Өтті құс – ал, тоқтата аласың ба?!.
....Бірі кеп қонды иығына жас баланың,
Шығысқа шыққан көштің арасында.
2. Ат жалы
Неге адам заманамен егеседі,
Кім білсін, не қалады, не көшеді?!
...Бір бала таулар жаққа көз салып тұр,
Сол бала – Рақышұлы Дәнеш еді.
Көзінде сол баланың дала жатыр,
Далада ғажап өмір – қара да тұр:
Бір сұлу қос бұрымын сипай өріп,
Бір жігіт ат жетектеп бара жатыр.
Далада қалды-ау, шіркін, есіл арман,
Сол арман – бала күннен досы болған:
Бір сұлу жүрегіне шоқ түсіріп,
Бір сері ән-жырымен есін алған.
Заманның сол шақтағы тартсаң зарын,
Сезерсің жас жүректі дерт шалғанын:
Бір залым абақтыға қамап оны,
Бір жалын өзегіне өрт салғанын.
Ән салды сонда Дәнеш аспандатып,
Көзінен іңкәр жұрттың жас парлатып,
Ән ғана шалқушы еді кең далада,
Ән ғана шығушы еді асқарға тік.
Аңсатса Ата-қоныс – жер кіндігі,
Желп етіп қалушы еді ел түндігі.
Әнде екен – өзінің де бостандығы,
Әнде екен – елінің де еркіндігі.
Ән екен – ой қаруы, жан қаруы,
Бақыты – әннен басқа – бар ма мұңы?!
Ата жұртты аңсаған – жан азабын,
Алғаш мәрте емес қой аңғаруы.
Ән салды сонда Дәнеш саңқылдатып,
Құстарын қос мекеннің қаңқылдатып,
Әні ұшты – күнге тосып ақ маңдайын,
Бауырын ақ бұлттармен салқындатып.
Айтқанда «елім-айлап» ел естелік,
Кетердей күйзелетін елеске еріп.
...Кешегі көште кеткен бала іңгәсі –
Оралды дала әні – Дәнеш болып!
Оралды Дәнеш әнші, ән оралды,
Кешегі серіліктің сәні оралды,
Сол әнмен – Әсет, Ақан, Біржан сері,
Шашубай, Естай ақын – бәрі оралды!
Жаңғыртты кең даланы Дәнеш әні,
Алаулап әрбір үйде ән ошағы.
Сөзінде – кең қазақтың кісілігі,
Көзінде – құс қараған бала шағы!
Ән салды сонда Дәнеш, сал-сал әнді,
Әнді де артып туған жан салады,
Әніңмен өткен шаққа арзу айттың,
Әніңмен болашақ та қарсы алады!
Әнге айналған жүрек
Ғұмырдан – жай отындай жарқын-жарық,
Дүние жанарында жарқыл қалып,
Ән салып жүрген сынды ол таулар жақта,
Жүрегі құсқа айналып, қаңқыл қағып,
Іздесең, тауларға бар оның әнін,
Іздесең, бауларға бар оның әнін,
Табасың тыныштықты тыңдар болсаң,
Даланың дабыл қаққан қоңырауын.
Сен оны жанын сүйген күннен сұра,
Сен оны әнін сүйген гүлден сұра,
Келеді көз алдыма Дәнеш десе –
Тауларға сүйеп қойған бір домбыра.
Қос ішек бебеулеп құс қанатындай,
Дүние қалың ойға шоматындай,
Қолға алып сол бір қоңыр домбыраны,
Дәнеш боп дала да ән салатындай.
Сол әнмен құстар ұшып қонатындай,
Сол әнмен өзен толқып, толатындай,
Сол әнмен гүлдер қауыз жаратындай,
Қос ішек бебеулеп құс қанатындай.
Әуеден әуелетіп ән келердей,
Бұйыққан тіршілікке жан берердей.
«Талдының» әр бұлағы тебіреніп,
Таулары «Жетісудың» тербелердей.
Ән қалқып байтақ қазақ даласында,
Алтай мен Алатаудың арасында,
Боздатып дала салған сол бір әнді,
Қоздатып сағынышты саласың ба?!...
Сол әнді, қанша тыңда, тоясың ба,
Сәбидей шалықтайсың аясында,
«Аңшыдай» бірде кезіп кең даланы,
Тынығарсың «Алманың саясында».
Аты өшпес, ардақтым-ай, әні өшпесе,
Әні өшпес – елдің іңкәр жаны өшпесе.
...Мұзтауға іліп қойған бір домбыра,
Келеді көз алдыма Дәнеш десе!