«Ән қанатындағы жыр» атты жазба ақындар байқауының бас жүлдесін Ерлан Жүніс алды

«Ән қанатындағы жыр» атты жазба ақындар байқауының бас жүлдесін Ерлан Жүніс алды
Фото: adebiportal.kz

Алматы облысының «Тамшыбұлақ» әдебиетшілер қауымдастығы мен Дәнеш Рақышев атындағы қордың ұйымдастыруымен қазақтың жезтаңдай әншісі, сазгер, Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышұлының 90 жылдық мерейтойына орай «Ән қанатындағы жыр» атты республикалық жазба ақындар байқауы Талдықорған қаласында дүркіреп өтті, - деп хабарлайды Әдебиет порталы.

20-40 жас аралығындағы ақындар қатысқан, екі тапсырмадан тұратын бұл байқаудың шарты бойынша, «Ән өнерінің ақберені» аттыбірінші бөлімде ақындардың Дәнеш Рақышұлына арнаған өлеңі оқылды. «Ән қанатындағы жыр» атты екінші бөлімде Дәнеш Рақышұлы орындаған әндерге арналған өлең сайысы өткізілді. Құрамында ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстан Жастар одағы мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, қазылар Әділбек Алпысбай (қазылар алқасының төрағасы), ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, Қазақстан Республикасы Президентінің степендиаты, облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, ақын, аудармашы, Әлем халықтары және Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі, Түрік дүниесі Поэзия фестивалінің лауреаты Жүкел Хамай, ақын- этнограф, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесi, Қазақстан Республикасы Мәдениет және білім беру ісінің үздігі, Алматы облысы және Панфилов ауданының Құрметті азаматы Әдепхан Жақыпбай, Дәнеш Рақышұлының қызы, Жаркент өнер мектебінің директоры Гүлнәр Рақышева бар қазылар алқасының шешімі бойынша қатысушылар арасынан мына ақындар жүлдегерлер мен жеңімпаздар ретінде қатарынан көрінді.

50 мың теңгеден ынталандыру сыйлығына Дастан Ақаш (Астана), Сәтжан Кәріпбаев (Семей), Мұхтар Күмісбек (Талдықорған), Құрманғазы Жұмағұлұлы (Астана), Панфилов ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне (50 мың теңге) Таңсәуле Еркінқызы (Қарағанды), ие болды.

Үш үшінші орынды (70 мың теңге) Абай Ораз (Қарағанды облысы, Жезқазған), Нұржан Байтусов (Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы), Еркін Исахан (Алматы облысы, Панфилов ауданы) өзара бөлісті.

Екінші орынға (100 мың теңге) Тоқтарәлі Таңжарық (Алматы қаласы) пен Олжас Қасым лайық деп танылды. Бірінші орынға тігілген 150 мың теңгеге Астанадан келген ақын Ықылас Ожай ие болса, бас жүлдені талдықорғандық белгілі ақын Ерлан Жүніс жеңіп алып, 200 мың теңгеге ие болды.

Н. Айдархан