- Негізгі бет
- Жаңалық
- Алматыда қалалық «Таңжарық...
Алматыда қалалық «Таңжарық оқулары» өтеді
Биыл Шығыс Түркістандағы Алаш идеясын насихаттаушы ұлт қайраткері, тарихи тұлға, ақын, ағартушы Таңжарық Жолдыұлының (1903-1947) туғанына 112 жыл толды. Ақынның 112 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдық мерей тойына орай 17-18 наурызда Алматыда қалалық «Таңжарық оқулары» өтеді. Оған қаладағы 8 оқу орнынан 40-тан астам студент, магистрант қатыспақ.
Игі шараны Қазақ мемлекеттік Қыздар университеті ұйымдастырып отыр. Басты мақсаты - Алаш ұранды әдебиеттің белді өкілі, ұлт қайраткері, ақын-ағартушы Таңжарық Жолдыұлының өлеңдерін, өнегелі өмірін дәріптеу, жас ұрпақты қазақ әдебиеті мен тарихының ақтаңдақтарын ашуға, зерделеуге шабыттандыру. Қатысушылар Таңжарық өлеңдерін жатқа оқып, ақын өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтарға жауап беріп, театрландырылған қойылымдар жасайды. Оған Таңжарықтанушы ғалымдар, зерттеушілер, белгілі айтыскер ақындар, танымал әншілер қатыспақ. Іс-шара аясында Таңжарық Жолдыұлының айтыстарынан үзінді орындалып, әндері шырқалады.
Таңжарық Жолдыұлы – қазақ жазба поэзиясының көркемдік деңгейін көтеріп қана қоймай, айтыс өнерінің де тарихи беттерін ашқан адуынды айтыскер. Абайдан бастап замандасы болған Алаш арыстарының шығармашылығын жете танып меңгерген. Алаш идеясын Қытайдағы қазақтарға түрлі жолдармен насихаттаған. Құлжада алғаш рет қазақ театрын ашып Бейімбеттің «Шұға» пьесасын сахналап, басты рөлді сомдаған. 1935 жылы қытай қазақтарының тұңғыш баспасөзі – «Іле өзенін» шығаруды ұйымдастырған әрі бас редаторы болған. Көптеген мектептердің ашылуына ықпал еткен. Ақынның көп өлеңі абақтыда жазылған. Түрме әдебиетін қалыптастырып, сол кездегі қоғамдық шындықты өлең, толғау, әндері арқылы бүкпесіз паш еткен.
Ақынның көптеген өлең, арнау, толғаулары, қиса-дастандары мен әйгілі айтыстары бар. Ақын шығармаларында XX ғасырдың алғашқы жартысындағы қытайдағы қазақтардың тарихи тағдыры, алмағайып саяси ахуал, күрделі әлеуметтік мәселелер айна қетесіз ашып көрсетіледі.
Сурет: astana-akshamy.kz
Ұқсас жазбалар:
Таңжарық ақынның ұрпақтары кім?
Қазақ әдебиетіндегі «түрме шығармашылығы» туралы түсінік
Н. Айдархан