Алматыда Бердiбек Соқпақбаевтың 90 жылдығына арналған кеш өтті (Фото)

Ғабит Мүсiрепов атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық балалар мен жасөспiрiмдер театрында қазақ әдебиетiнің классигi, көрнектi жазушы Бердiбек Соқпақбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай салтанатты кеш өттi, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мерекелі кешке жазушының ағайын-туыстары мен белгілі қаламгерлер, баспасөз өкілдері және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Кеш тізгінін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Ерлан Біләл ұстады.

Алғаш болып ҚР Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев пен «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбектің құттықтау хаттарын оқыды.

Нұрлан Оразалин Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал Соқпақбаева арнайы сый-сияпат жасады.

Бердібек Соқпақбаевтың жерлестері жазушының қызы Самал Соқпақбаеваға көлік мінгізді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі әдебиет сыншысы Бекен Ыбырайымов арнайы баяндама жасап, жазушы шығармашылығына кеңірек тоқталып өтті.

Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов Бердібек Соқпақбаев шығармашылығана аз-кем тоқталып, құрдасы туралы қалжың әңгімелер, естеліктер айтып берді.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Жалын» баспасының директоры, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы: "Бердібек тірі кезінде өкіметтен бірде-бір сыйлық алмаған адам. Алған сыйы, атағы ештемесі жоқ. Бәрін халықтан, оқырманнан ғана алған. Байқасаңыздар сыншылар, зерттеушілер, тарихшылар, өзінің замандастары кейде Бердібек ағамызды ығыстырыңқырап сөйлейді. "Балалар әдебиетінің жазушысы, классигі" деп қана қояды. Бұнысы рас. "Менің атым - Қожа", "Балалық шаққа саяхат", Жекпе-жек" деген шығармалары арқылы бұны бәріміз де мойындаймыз. Алайда "Қайдасың, Гаухар?" деген повесін еске түсіріңіздерші. Бұл - балаларға арналмаған шығарма. Жаңа ғана Әбдіжәміл ағам айтып өткен "Өлгендер қайтіп келмейді" шығармасы да сондай. Бәрі де тамаша туындылар. Демек, Бердібек ағамыз "Балалар әдебиетінің" ғана емес, "Қазақ әдебиетінің" классигі", - деді.

«Құрмет» орденінің иегері, жазушы Смағұл Елубай барша оқырманның атынан жазушының кітабымен алғаш қалай кездескені туралы естелік айтып берді. 

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Дидахмет Әшімхан: "Менің атым - Қожа" жазылғалы жарты ғасырдан асып кетті. Бірақ Қожадай аты кең таралған, 4-5 сыныптың оқушысынан бастап қартайған шалға дейін білетін қайсымыздың кейіпкеріміз бар?", - деп ағынан жарылды.

  Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, сатирик Мыңбай Рәш Бердібекпен бірге жүрген өткен күндерден естелік айтып, сол күндерден сыр суыртпақтайтын сатиралық өлеңін оқып берді.

Рамазан Стамғазиев, Өмірқұл Айниязов, Тілеулес Құрманғалиев сынды танымал әншілер әуелете ән шырқап, кеш көрігін қыздыра түсті.

Сурет: ©Massaget.kz