Алматыда "егіз кітаптың" тұсаукесері өтті (Фото)

Алматыда "егіз кітаптың" тұсаукесері өтті (Фото)

Ақберен Елгезек пен Ерлан Жүністің көсіліп, қазақ поэзиясында жыр төгіп жүргендеріне де он жылдың төңірегі болыпты. Қос ақынның «Ғаршы» – «Ғаусар» атты twinbook (егіз кітап) форматында жарық көрген жыр жинақтарының тұсаукесері ­Қазақ Ұлттық Университеті Филология, Әдебиеттану және Әлем тілдері факультетінде өтті. Қос қуаныштың куәсі болуға біз де асықтық.


Бұл аталмыш кітаптан, жас ақындардың өздері айтып өткендей, екі достың рухани жақындығын, өмірдегі ащысы мен тұщысын, дүниетанымы мен бар болмысын сезе аласыз. Иә, бұл бір жаңалық болды. Егіз кітап көптен күткен оқырманның қолына тиді. Аппақ кітап. Ақ әлем­де қара түске орын жоғы белгілі. Сон­дықтан да өлеңдердің өзі ақ қағазға қызыл-қоңыр түспен төгіліпті. 

Поэзия кешінің қонақтары ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулет, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Бақыт Беделхан, Есей Жеңісұлы, Мұрат Шаймаран және тағы да басқа төл поэзиямыздың жас буын өкілдері болды. Ал кешті жазушы Бейбіт Сарыбай жүргізді. Жаңа кітаптың тұсауын кесу мәртебесі казақтың белгілі ақыны Ұлықбек Есдәулетке берілді. Содан соң келген қонақтар өз ықыластарын білдіріп, тілектерін айта кетті. Тілек білдірушілердің қатарында Қазақтың Алтайы мен Жайығынан, Сарыарқасы мен Оңтүстік баурайынан келген жыр сүйерлер бар.

Ақберен: «Кітаптың дизайнының өзі бізде көбінесе сұрғылт қара болса, ақ қылып қойдық», – десе, Ерлан: «Егіз кітаптағы екі автор шын мәнінде бір кітапта тұрғанымен, поэзиямыз, жан дүниеміз екі бөлек. Бірақ мына кітаптың сыртқы форматы емес, мазмұндық форматы қызық болады деп ойлаймыз», - деді.

Сахнаға қатар жайғасқан авторлардың қо­лын­да бір-бір кітап. Ақберен «Ғаршыны», Ерлан «Ғаусарды» қолына алып, алма-кезек өлең оқу реті басталды. Екеуі де өлең жолдарынан көз алар емес, өздері басқа бір әлемге еніп кеткендей. Тыңдаған сайын құлақ құ­рышың қанады. Сонымен қатар, қарашаңырақ Ұлттық Университетіміздің білімгерлері Бекжан Әсімхан мен Абылайхан Жұмашевтар кешті әнге жалғады. Бекжан Мұқағалидің «Фаризаға» атты өлеңін шырқаса, ал Абылайхан Қайнар Алакөзовтың «Егіздің сыңарын» орындап берді.

Кітаптың атауы «Ғаусар» және «Ғаршы». Бұл туралы Ерлан Жүніс: «Жұмақта кәусәр бұлағы бар деген түсінік бар ғой. Яғни, бұл – Алланың адамға берген шексіз ризығы. Менің ойымша, әр адамға бір ғаусар беріледі. Бізге – сөз, біреуге – қолөнер шеберлігі деген сияқты. Ал менің ғаусарым – менің поэзиям. Осы мағынада қойылды кітап атауы», – деді.

Ал Ақберен Елгезек: «Ғаршы – менің түсінігімде, шексіздіктің сыртындағы әлем. Менің шығармашылығым тылсым дүниелерге толы. Маған жақыны осы», - дейді.

Кеш жоғарғы деңгейде өтті. Сыйы да, кітаптың 850 грамм салмағы да, Бейбіт Сарыбайдың бірінші сатылымнан түскен ақшаға қатысты әзілі де орынды болды. Кеш соңында егіз кітаптың нұсқалары сатылымға шығарылды. Келген қонақтар кітапты қолдарына түсірген бойда авторлардан қолтаңба алуға кірісіп кетті.

«Кеш біз ойлағаннан да жақ­сы болды, халықтың көңілі, поэзияға су­сап қалғаны сезілді. Кітаптарымыз әр адам­ның қолында. Біз үшін соның өзі – бақыт», – дейді Ақберен. 

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: massaget.kz

Ж. Өрісбай