Қалқаман Сарин болашақ дәрігерлермен кездесті

Қалқаман Сарин болашақ дәрігерлермен кездесті

Бүгін, яғни қазан айының 3 күні, С.Ж.Асфендияров атындағы медицина университетінде, «Ана тілім – айбыным» тақырыбында студенттік конференция болып өтті. Конференция аясында ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық жыр-мүшәйралардың жүлдегері, халықаралық «Шабыт» фестивальінің лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы, ақын Қалқаман Саринмен кездесу ұйымдастырылды. Университеттің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі басқармасы, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен өткізілген кешке ақын, «Алаш айнасы» газетінің тілшісі Алмат Исәділ мен жас ақын Бауыржан Әліқожа қатысты.

Кештің әлқиссасын «Жалпы білім беру пәндері» департаментінің директоры, доктор phD М.С.Сарыбаев айтты. Бағдарлама бойынша Жалпы медицина мамандығының 2-курс студенті Уалихан Қарлығаш «2050 стратегиялық бағдарламасындағы тіл саласындағы жоспарлар» атты баяндамасын оқыды. Артынша кеш қонағы Қалқаман Сариннің жырларынан үзінділерге кезек берілді. Университет студенттері Сыдық Нұр-Ислам «Тәуелсіздік», Қалдыбай Жұлдызай «Анашым», Алдияр Гүлзат «Шерлі домбыра», Алихан Әбдірашит «Дала», Байказова Сәния «Ертістің бойы», Ақылбек Бақытжан «Әдеп», Лайық Ұлжан «Ауылға бардым», Шахзадаева Ализа «Астана» атты ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып берді.

Кеш барысында қонақтарға студенттер тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, әсерлі әңгімелер әдемі өлеңдерге ұласты. Сондай-ақ, Кенен Әзірбаевтің «Бастау» термесі, қобызда Ықыластың «Жезкиік» күйі және де Қалқаман Сариннің сөзіне жазылған әндер шырқалды. Болашақ ақ халатты абзал жандардың Қалқаман Сарин бастаған ақындармен кездесуі көңіл түкпірінен кетпес кештердің бірі болғаны сөзсіз.

Дайындаған: Шерхан Талап

Сурет: Нұрғиса Елеубеков

Ш. Талап