Валентина Осеева. Көк түсті жапырақ

Валентина Осеева. Көк түсті жапырақ
Фото: teletype.in

Катяның жасыл түсті қарындашы екеу болды. Ал Ленада қарындаштың жасыл түсі жоқ еді. Бір күні ол Катядан:

– Маған жасыл қарындашыңды бере тұрасың ба? – деп сұрады.
– Анамнан рұқсат сұрап келейін,– деп жауап берді Катя оған.

Келесі күні мектепке келгенде Лена:
– Анаң рұқсат етті ме? – деп сұрады.
– Анам рұқсатын беруін берді ғой, ал ағамнан сұраған жоқпын,– деп күмілжіді Катя.
– Онда ағаңның да рұқсатын алып кел.

Келесі күні Катя Ленаға былай деді:
– Ағам да рұқсат берді. Алайда сен оны сындырып аласың ба деп қорқамын.
– Мен мұқият пайдаланамын,– деді Лена.
– Байқа, қарындашымды ұштама, қолыңмен қатты қыспа, аузыңа салушы болма. Көп сурет те бояма.
– Мен тек ағаш жапырақтарын және шөпті ғана бояймын,– деді Лена.
– Бұл көп қой,– деп Катяның түрі бұзылып, қабағы түйілді.

Лена оған бір қарады да, ары қарай кетіп қалды. Қарындашты алмады. Оған таңданған Катя ізінен жүгіріп:
– Оның не? Қарындашты алсаңшы,– деді.
– Қажеті жоқ,– деп жауап берді Лена.

Сабақ басталғанда мұғалім:
– Лена, ағаш жапырағы жасыл түсті ғой, сен неге көк тсүсті қарындашпен бояғансың? – деп сұрады.
– Жасыл қарындашым жоқ еді,– деп жауап берді.
– Құрбыңнан неге сұрамадың?

Лена үнсіз қалды. Катя қызарып кетті де:
– Мен оған берген едім, өзі алмады,– деді.
Мұғалім екеуіне кезек-кезек қарады да:
– Алатындай етіп беру керек еді,– деді қатқыл үнмен.

@. @assel_assanova