Асқар Сүлейменовтің қанатты сөздері

Асқар Сүлейменовтің қанатты сөздері

Белгілі ақын-жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменовтің бүгін туған күні. Жазушының ел ішінде кең тарап, бүгінде қолданыста жүрген қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.

Кем талант – кемтар талант.

От пен түтін, адам мен қылмыс – жатырлас.

Ай айнасын бұлт басса, жан айнасын мұң басқан.

Әр сөздің өз ұяты бар.

Жақсы кітап – ұлттың антологиясы.

Қаланың паспорты – такси мен базар.

Бала тапқандікі емес – бала қаққан мен баққандікі.

Пытыра қазақ: шүрегей атады, өзбек – жалғыз оқ: бұлан атады.

Ұл өсіріп, қыз асырап отырмыз.

Өтірікті кешіруге болады – тек ақтауға емес.

Дін құрыса – тіл сақтайды, тіл құрыса – үн сақтайды, бәрі құрыса – діл сақтайды (иаһуди-еврейлер, мысалы).

Таранбаған әйелде – бір мекиеннің, таранған әйелде – екі мекиеннің миы бар.

Экономикалық қауіпсіздіктің мәселесі, ең алдымен, - ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі.

Келіншектің сұлу кезі – ұйқыдағы кезі. Айтып та болмас әлгінің, айтпай да болмас әлгінің тұсындағы кезі емес. Әсіресе сол кезі емес.

Қазақтың радиомаразмы: «махаббаттың сүйіспеншілігіне бөленіп...».

Неге Америкада жершілдік күшті? – Американың жершілдігі – ұлттың қынжығасында, бізде, асып кетсе – регионның.

Алға – ұмытар, берген – ұмытпайды. Қазақстанның психологиялық халі: аз да болға алғанын – ұмытпайды, мол болса да бергенін – ұмытады. Кең қолтықтың бір ірілігі.

Отау көтеріп оңаша тұрып алмай достастықтың құшағына қойып кету – саяси логика,а қиналып сыйысады.

Білмеген – мін емес, білместікке көнген – мін.

Түс – күндіз бұққан ойдың ойыны.

Қоғамның кеселінің бір емі – оған тіке қарау.

Мұқағали:

-Екеумізге жүз жүрмейді. Бізге 99 не 101 жүреді.

-Неге?

-Біліп тұрып сұрау – Қадырдың еншісі.

Кейбір адамдардың бағасын жауының санымен де өлшеуге болады.

Мәтіннің дәмін алудың төте жолы – талмай оқу.

Оқушыны қасқыр көрген тазыдай қалтырат.

Сөйлемдегі өмір мен сөйлемнің өмірі бірікпегесін – тірі тіркес тумайды. Өмірдің тамыр солқылы мен сөйлемнің тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады.

Қазақтай психофизикалық типтің азасын «Жігердей» кемерлейтін күй, «Қаракесектей» шыңғыртар ән жоқ.

Араға адам жүргенде: менімен тілдескісі келген – менімен өзі сөйлесуі керек.

Стилі жоқтың жазғанын оқу – арпа талқанды құрғақ асағандай. Стильсіз жазушы, стилін таба алмаған жазушы – іріге еліктеп көлеңке-калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады.

Кісілігін жоғалпаса – жауыңның қайсыбір иттігін кешіруге де болады.

Тағы да стиль туралы. Мемлекетке тақырыппен, концепциямен қарсы шығар мүмкіндік қалмағанда – көмекке стиль келеді... Жаңа форма, жаңа стилистика іздеу таза эстетиканың иіріміне сүңгу, рухани пластиканы меңгеру – бұлар өзі бағынбаудың энергиясы.

Қақсауық бар, ділмар бар, оттампаз бар, шешен бар: төртеуі – төрт жұрттан.

Библияның күй басы: алдымен туған сөз еді – сол сөз «құдай» болатын.

Шын режиссура – жүрек сияқты: соққаны білінбейді.

Айша Бибінің сағанасындағы жазуды аударса – «Сүмбіле». Су суыды. Өмір – сұмдық».

Ажал келмейді – ажалға барасың.

Өнердің өмірден айырмашылығы – өнер өмірден үйренбейді. Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар.

Қанша сүмірейткенмен: ой ойнамай – сөйлем жоқ.

Ел дертті – зар шықпаа, тән дертті – зәр шықпаса.

Бабы мен бағы бұққан тұяқ та бір – ойға суарылмаған әуен мен әуез де бір: нені айту бір пара, қалай айту бір пара, кімге айту, қашан айту бір пара.

Байлық – барлық болғанда, өнер – мұрат. Байлықтан мұрат шықпаған. Ал, мұрат – тірлік.

Зады, адамның соры – өзін өзгемен өлшеуі.

Достық, ең алдымен – еркіндік.

Тірлік кешкен адамның сол тірліктен алып кетері  - жат тізені кеудесіне шығармау.

Сауалы бұйрық тектіге – солқылдақ жауап жүрмеген.

Сөз – құлын да, ой – жылқы.

Бұл ғаламда тұзақты да, тұсау-тұсамысты да туабітті танымасқа жаралған біреу бар: ол – адам.

Тәңірінің бір аты – шындық.

Адамның рухани ізденіс-сілкіністері үш-ақ сауалдың аясына сияды:

А) не біле аламын?

Б) не істеуім керек?

В) үміт артарым не?

Өлімге бере жаным бар – пендеге берер арым жоқ.

Кәміл болу қиын, бірақ ой қашады: халық екі ұғымның құлы – кеткен мен келердің.

Жүректің соғысы – физиология, ал жүректің не қуаныштан, не үрейден барып бас алатын лүпілі – эстетика, өнер, өмірге бергісіз қайран сөз.