Үйге артық бір жіп кірсе, екі жіп шығады

Үйге артық бір жіп кірсе, екі жіп шығады
Фото: Dreamstime.com

«Ала жіпті аттама», «біреудің ақысын жеме», «судың да сұрауы бар», «арам ас қалай кірсе, солай шығып кетеді» деген сөздерді аталарымыз, әкелеріміз айтып отыратынын барлығымыз естіген болармыз. Тіпті «басы артық бір жіп кірсе, екі жіп болып шығады» деп, түкке тұрғысыз жіптің өзінің жолы бар екенін, ұсақ-түйектің өзі маңызды рөл ойнайтынын, әр істің сұрауы болатынын аңғартады. Сөзімізге тұздық ретінде болған оқиғаны баяндайық.

Бірде бір жігіт жолдасы екеуі жолда көлікпен кетіп бара жатып, жолай букмекерлік орталықтың алдында қол көтеріп тұрған жолаушыларды мінгізіп алады. Олар ащы судан ұрттап, азырақ қызып алған болса керек, межелі жеріне жеткенше даурығып барады. Әңгімесін ұнатпай қалған екеуі тезірек құтылып, көліктен түсіруге асығады. Жеткен кезінде жолаушылардың бірі қалтасына қолын салып, іліккен ақшаны шығарады да, жолпұлы ретінде жүргізушіге ұстатады. Мас адам қанша ақша шығарғанын өзі де білмейді, мұны жүргізуші мен жанындағы жолдасы да түсіне қояды.  Жүргізуші қалған ақшасын қайтарып бермекке ниеттенгенде есікке ұмтылған жолаушыларды көріп алдында отырған досы «бермей-ақ қой, мас қой, кете берсін» деп тоқтатады. Сөйтіп кішкене жол жеткізіп тастағаны үшін 5000 теңгені алып қала береді. Жолда дүкенге кірмек болып, алдына тоқтаса, көлік қоятын орын жоқ екен. 2-3 минутта кіріп-шығармыз деп дүкенге бас сұғып, қайта шыға бергені сол еді, көз алдарында ГАИ қызметкері келіп, көліктің нөмірін шешіп жатыр екен. Жай-жапсарын білсе, көлікпен заңсыз орынға тұрақтағаны үшін айыппұл салмақ болады. Аға-көке деп, хаттама толтырмауға әрең көндіріп, әлгі 5000 теңгені осы қызметкерге ұстатып кетеді.

Оңай жолмен келген ақша көз алдында баратын жерін бірер минут ішінде оп-оңай тапқанын көріп, екеуі таңданудан басқа шарасы қалмайды. Мүмкін, әлгі жолаушыларға артық ақшасын қайтарып бергенінде, мұндай жағдайға тап болмас па еді? Ал ГАИ қызметкері айтқанға көнбей, одан бірнеше есе көп айыппұл салып жібергенінде қайтер еді? Мүмкін жолаушылар да бұл 5 000 теңгені букмекерлік орталықтан алып шыққан шығар. Бәлкім, ГАИ қызметкері де ол 5 000 теңгені балаларына нәпақа ете алмай, үйге жеткенше басқа «желге ұшырып» жібере ме, кім білсін?! Себебі ол да заңды түрде айыппұл ретінде алмай, пара-сыйлық ретінде қабылдады ғой...

@. @assel_assanova