Қыз әдемі екенін түсінген күн

Қыз әдемі екенін түсінген күн
Фото: Kazakh-tv.kz

Бірде екі дос өздеріне қалыңдық іздеп ұзақ жолға шығады. Тау асып, тас басып, екі қызы бар көсемнің үйіне тоқтайды. Оның үлкен қызы сұлу, екіншісі аса әдемі емес. Осы үйге тұрақтағаннан кейін бір досы үйленетін боп шешкенін айтады. Оған екінші жігіт:

– Иә, дұрыс. Көсемнің үлкен қызы көрікті, соған қарағанда көркіне ақылы да сай болуы керек,– дейді.
– Жоқ, достым. Сен қателестің. Мен оның кіші қызына үйленемін,– дейді.
– Ақылыңнан адасқансың ба? Екінші қызы әдемі емес қой.
– Сен бәрібір менің шешіміме қарсы келе алмайсың!

Бір жігіт ары қарай өз бақытын іздеуге аттанады да, екінші жігіт құдалық шаруасыны қамданады. Көсем елінің салты бойынша қызға құда түсу үшін қалың мал берілуі керек. Ал мұнда жақсы қалыңдық он сиырға бағаланатын еді. Күйеу жігіт бұл шартты қабыл алып, қайын атасына келіп:

– Көсем, мен сіздің қызыңызға құда түскім келеді. Оның қалың малына он сиыр беремін,– дейді.
– Сізбен келісемін. Дұрыс таңдау жасадыңыз. Үлкен қызым әрі әдемі, әрі ақылды. Ол он сиыр беруге лайық.
– Жоқ, көсем. Сіз мені дұрыс түсінбедіңіз. Мен сіздің кіші қызыңызды айттырғалы отырмын.
– А? Қалайша? Көрмейсің бе, ол қызым аздап ұсқынсыздау еді.
– Мен тек сол қызды қалаймын.
– Олай болса үш сиыр берсең де жарайды. Ол үшін осы жеткілікті.
– Жоқ, мен он сиыр берем дедім ғой.

Осылайша олар сән-салтанатымен тойларын жасайды. Арада жылдар өткенде әлгі досы мұны іздеп, көрмекке келеді. Келсе алдынан жүзінен нұр шашқан сұп-сұлу келіншек шығады. Бұл оған досын іздеп келгенін айтады. Айналада үбір-шүбір бала-шаға шаттана жүгіріп жүреді. Келіп, досын көріп:

– Өмір ағысы қалай?– деп сұрайды.
– Мен бақыттымын!
– Міне, танысып қой, бұл менің жарым, – дегенде арғы жақтан әлгі жаңа алдынан кезіккен сұлу келіншек шығады.
Өз көзіне өзі сенбеген досы сасқанынан:
– Екінші рет үйлендің бе?– деп сұрайды.
– Жоға, о не дегенің. Бұл сол өзің көрген қыз ғой.
– Сонда қалай болғаны?
– Сенбесең өзінен сұра,– дейді.
– Орынсыз сұрағым үшін айып етпеңіз, бірақ ұмытпасам, мен көргенде сіз аздап көріксіздеу болатынсыз. Ал қазір құлпырып отырсыз. Мұның сыры неде?
– Оның еш құпиясы жоқ. Жай ғана мен өзімнің қалың малым он сиырға татитынын түсіндім.

Ал, құрметті оқырман, сіз бұл тәмсілден не түйдіңіз?

@. @assel_assanova