Қонақтың неше түрі бар?

Қонақтың неше түрі бар?
Фото: baq.kz

Асау шешен Есентемір Бөленді қонаққа шақырып отырып:

-Е, бөле! Сізден бір-екі ауыз сөз сұрайын, рұқсат па? - депті.

-Е, шырағым, сұра! - депті Бөлен.

-Құдайдың бергені, үйден қонақ кетпейді. Бірі кетсе бірі келеді. Біреулері бір келмейді, бірнеше келеді. Осыларды келініңіз көріп «мынау тағы келе жатыр ма?»--дейді. Бұл неткені? - депті Асау.

- Ол келіннің ырысы кеткені,- дейді Бөлен.

- Ауылдың жас балалары кәрі қонақты жақтырмайды, соны күтуден ерінеді. «Осы шалдарға не жоқ, қыдырды, жеді, бірсыпыра қызықты көрді, енді үйлерінде жатса қайтеді?»- дейді. Бұл неткені?

- Ол балалардан ерік кеткені.

- Бөле! «Қонақ-қонсы» дейді қазақ. Қонақ деген кім, қонсы деген кім?

- Қонақ деген мына мен, жылына бір рет шақырту- мен келемін. Қонсы деген мыналар,- деп айналадағы кісілерді көрсетеді. Пәленнің үйіне пәлен келіпті, барып амандасайық деп келеді.

-Ал, Бөле! Қонақ неше түрлі болады?

- Қонақ төрт түрлі болады: Арнайы қонақ, 
Құдайы қонақ, 
Қыдырма қонақ 
Қылғыма қонақ.

Енді Бөлен Асаудан:— Жігіттің неше жұрты бар? - деп сұрайды.

- Жігіттің үш жұрты бар деп ойлаймын,- дейді.

Асау: 
Қайын жұрты — міншіл, 
Өз жұрты — күншіл, 
Нағашы жұрты — сыншыл.

Сонда Бөлен:— Жігіттің төрт жұрты болатын еді, біреуін тастап кеттіңіз. Ол — елінің азаматы. Бәрінен де артық сол еді- ау! - депті.

 

Дереккөз:qamshy.kz

Т. Есқали